Шымкент қаласындағы әуежайда таңертеңнен бастап 5 рейс уақытынан кешіккен. Елорда бағытындағы тағы екі рейс мүлдем ұшпайтын болған. Салдарынан барлығы 724 адам әуежайда абдырап, жақсы хабар күтуге мәжбүр. Бәрінен Шымкенттен Алматыға ұшатын рейс жолаушыларына қиын болды. Бұл - 134 адам. Олар өз рейсін таңғы 10-нан бері күтіп жүр. Арасында балалар көп. Аталған рейс ұшу уақытынан 12 сағатқа кейінге шегерілді. Қазір Шымкент әуежайының ғимараты жолаушыларға толы, деп хабарлайды Otyrar.kz.
Air Astana әуекомпаниясының баспасөз қызметі оңтүстік мегаполис әуежайындағы жағдайға түсініктеме берді.
Әуежайдың ұшу-қону жолағында қалың тұман. Айналаның көріну деңгейі тым нашар, сондықтан ұшуға рұқсат етілмеді. Таңертең Air Astana-ның сағат 10:15-те ұшуы тиіс Алматыға қарайғы рейсінің уақыты 00:25-ке дейін керіге шегерілді, бірақ бұл да нақты емес, өйткені ауа райы жақсармай тұр. Егер кідіріс 6 сағаттан асса, онда жолаушылар билеттің толық құнын қайтарып алуға құқылы, айыппұлсыз, қазір көбісі билеттерін қайтарып, өз беттерімен амалдауда. Әзірге ауа райы туралы болжам көңіл көншітпейді. Әуежайдағылар ыстық тамақпен қамтамасыз етілді, бірақ қонақ үйден бөлме ұсынбадық, өйткені бұл әуе компаниясының тарапынан орын алған жайт емес, ауа райы құбылысы себеп оған. Ал билет құны толықтай қайтарылып жатыр, делінген Air Astana баспасөз қызметінің хабарламасында.
Қазгидромет синоптиктерінің мәліметінше, тұман 12 қарашаның таңына дейін сақталуы мүмкін.