Біз отаншыл және мемлекетшіл болуымыз керек. Шын мәнінде, туған жеріңді сүюден асқан бақыт жоқ. Жүрегі Отаным, Елім, Жерім деп соққан адам ештеңеден қаймықпайды, – деді Мемлекет басшысы.
Ол "біздің Қазақстаннан басқа Отанымыз жоқ. Ең басты байлығымыз – туған еліміз екенін" баса айтты.
Сондықтан мемлекет мүддесі қашанда барлығынан биік тұрады. Халқымыздың біртұтас ұлт ретінде сақталуы қастерлі Тәуелсіздігімізді қорғай білуімізге байланысты. Сол себепті, әрбір ісіміз мемлекет мүддесіне сай болуы қажет. Азаматтардың бойында осы қасиеттер болса және еліміздің басты құндылықтарын орнықтыра білсек, болашағымыз баянды боларына кәміл сенемін. Қасым-Жомарт Тоқаев
Осы орайда Президент мемлекетіміздің басты құндылықтарына тоқталып өтті. Оның айтуынша, ең басты құндылығымыз – ел бірлігі.
Еліміздің бүтіндігі, жеріміздің тұтастығы, қоғамның тұрақтылығы және тыныштығы берекелі бірліктен басталады. Тіліне, дініне, нәсіліне қарамастан Қазақстанның барша азаматтары – біртұтас халық, біртұтас ұлт. Қасым-Жомарт Тоқаев
Мемлекет басшысының сөзінше, бұл – ешқашан мызғымайтын қағида. "Себебі, бұл қағида еліміздің тұрақтылығын, жалпы айтқанда, қауіпсіздігін қамтамасыз етеді", деп ойын түйіндеді Президент.