Екібастұз ЖЭО-да технологиялық ақаудың себебін анықтау мақсатында екі комиссия құрылған. Оның біріншісі ЖЭО-дағы, екіншісі жылу желілеріндегі ақауды тексерді.
"Екібастұз ЖЭО-да технологиялық бұзушылықтың себебі: химиялық цех персоналы қоректендіру сорғыларын қате қосқан. Ал персоналдың аталған сорғыны қосуына импульстік желінің қатып қалуынан жылу желісінің кері құбырындағы қысымды көрсететін электрконтактілі манометрдің дұрыс көрсетпеуі себеп болған". Атом және энергетикалық бақылау комитетінің аумақтық департаментінің басшысы Ринат Кәкімжанов
"Екібастұзжылуэнерго" ЖШС бірнеше рет жауапқа тартылған.
Әуелі Әкімшілік кодекстің екі бабы бойынша, атап айтқанда, 300-бап — электр станциялары мен желілерін техникалық пайдаланудың бекітілген ережелерін; электр станциялары мен жылу желілерінің жылу механикалық жабдықтарын пайдалану кезіндегі қауіпсіздік техникасын; тұтынушылардың электр қондырғыларының техникалық эксплуатациясын; энергия тұтынудың белгіленген режимдерін бұзғаны үшін, сонымен бірге 301-2-бап – технологиялық бұзушылықтар туралы ақпарат беру туралы талаптарды бұзғаны үшін жазаланған.
Осыдан кейін ЖШС жоспардан тыс тексеру кезінде жауапкершілікке тартылды. Мәселен, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 300-бабы – "Жылу желілерін техникалық эксплуатациялаудың бекітілген ережелерін бұзғаны" үшін айыппұл салынды.
Істер қысқартылған іс жүргізу тәртібімен қаралды. Салынған айыппұлдар сомасы 1 110 750 теңге болды.