Саусақтардың ұюы қандай қауіпті аурулардың белгісі болуы мүмкін – дәрігер түсіндірді

Саусақтардың ұюы қандай қауіпті аурулардың белгісі болуы мүмкін – дәрігер түсіндірді, сурет - Zakon.kz жаңалық 26.10.2026 13:23 Сурет: magnific
Қол саусақтарының ұюы уақытша жайсыздық қана емес, денсаулыққа қатысты күрделі мәселелердің белгісі болуы мүмкін. Дәрігер қандай белгілерге назар аудару керектігін және қай жағдайда шұғыл медициналық көмекке жүгіну қажет екенін түсіндірді, деп хабарлайды Zakon.kz.

Хирург Александр Умновтың "Лента.ру" басылымына айтуынша, саусақтардың ұюына жиі себеп болатын аурулардың бірі – білезік өзегі синдромы. Бұл жағдайда білезік тұсындағы орталық жүйке қысылып, көбіне бас бармақ, сұқ саусақ және ортаңғы саусақ ұйиды. Әсіресе мұндай белгілер түнде және таңертең байқалады.

Уақытылы емделмеген жағдайда қол басындағы бұлшықеттер семіп, саусақтардың сезімталдығы тұрақты түрде төмендеуі мүмкін. Ал шынашақ пен аты жоқ саусақтың ұюы шынтақ жүйкесінің қысылғанын білдіруі ықтимал.

Саусақтардың ұюына Рейно ауруы мен қан айналымының бұзылуы да себеп болуы мүмкін. Мұндай жағдайда суықтың немесе күйзелістің әсерінен саусақтар ағарып не көгеріп кетеді. Ал жылынған кезде ауырсыну пайда болады.

"Мұндай жағдайда медициналық көмекке жүгінуді кешіктіру тіндердің қоректенуінің бұзылуына, тіпті некрозға, яғни тіндердің жансыздануына әкелуі мүмкін", – деп ескертті хирург.

Сондай-ақ саусақтардың ұюы диабеттік полинейропатиямен байланысты болуы мүмкін. Бұл ауру кезінде жүйкелердің зақымдануынан сезімталдық біртіндеп төмендейді. Соның салдарынан адам күйік шалғанын немесе жарақат алғанын байқамай қалуы ықтимал. Ауыр жағдайларда жазылмайтын жаралар пайда болып, тіпті аяқ-қолды ампутациялауға дейін әкелуі мүмкін.

Бұдан бөлек, мойын омыртқасындағы жарықтар мен протрузиялар да саусақтардың ұюына себеп болуы ықтимал. Олар жүйке түбіршектерін қысып, қолдың сезімталдығына әсер етеді. Мұндай жағдайда ұю сезімі мойыннан саусақтарға дейін таралып, ауырсыну және бұлшықет әлсіздігімен қатар жүруі мүмкін.

Дәрігер ең қауіпті белгілердің бірі ретінде саусақтардың кенеттен ұюын атады. Әсіресе бұл жағдай дененің бір жақ бөлігінің әлсіреуімен, беттің қисайып кетуімен, сөйлеудің бұзылуымен немесе бастың қатты ауыруымен қатар жүрсе, ерекше сақ болу қажет.

Мұндай белгілер инсульттің немесе транзиторлық ишемиялық шабуылдың, яғни ми қан айналымының уақытша бұзылуының белгісі болуы мүмкін. Сондықтан бұл жағдайда дереу жедел жәрдем шақыру қажет.

Бұған дейін ғалымдар өсімдік тектес тағамдарға негізделген тамақтану рационының күтпеген әсерін анықтаған болатын.

Мақаламен бөлісу
Мақаламен бөлісу:
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript
Беттегі қате туралы хабарлаңыз
Мәтіндегі қате: