Еліміздің бірқатар өңірінде Мемлекет басшысының резиденциясы бар. Барлығы қала сыртында, жұрт көзінен жырақта орналасқан. Мысалы, Ақтөбедегі Президент резиденциясы Қарғалы өзенінің бойында. Мұнда кімнің кіріп, кімнің шығып жатқанын кез келген адам біле бермейді. КТК телеарнасының тілшілері өңірлердегі Президент резиденцияларын аралап көрген.
Ақтөбедегі күзеті күшті бұл ғимаратта облыс әкімі де тұрған. Қарамағындағылар аймақ басшысы Ералы Тоғжановтың отбасы қазір ол жерде тұрмайтынын айтқан. Өңірдегі Президент резиденциясын күтіп ұстауға, күзетші мен аспаздан бастап бірнеше жұмысшыға жалақы беруге, тіпті ыдыс-аяғы мен мүлкіне дейін бюджеттен ақша бөлініп келді. Ақтөбеге келген лауазымды тұлғалар осында түнеп, қонақ болады екен.
"Ол қонақтар үйі резиденция деп аталады. Келетін делегациялар сол жаққа тоқтайды. Сол себепті ол қаңырап бос тұрған жоқ. Оның өзін қарап күтетін мамандар бар. Ешқандай қарап тұрған жоқ". Ақтөбе облысы әкімінің аппарат басшысының орынбасары Ержан Байтанаев
Ақтөбедегі Президент резиденциясынан балаларға арналған сауықтыру лагері ашылуы мүмкін.
Ал тараздық шенеуніктер бұл жайында әлі ойланып жатыр екен. Мұндағы Мемлекет басшысының резиденциясы елдегі ең зәулімі болып саналады, бірақ маңайына ешкімді жолатпайды. Жергілікті әкімдік осы нысанды күтіп ұстауға жылына 50 миллион теңге шамасында ақша жұмсалатынын айтқан.
"Қазір зерделеу тобы құрылды, білім басқармасының негізінде. Сол зерделеу тобы барлық жағдайды көріп, нысанды көріп аралап, оны біз мүгедек балаларға береміз бе, санаторийге береміз бе, жазғы лагерге береміз бе, нақты шешім қабылдайтын болады". Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Еркін Үйсімбаев
Ақтауда да Президент резиденциясын әкімдік әлі қай мақсатта қолданатынын шеше алмай жатыр. Бір анығы - тек балаларға арналған орын болады. Тұрғындар резиденцияның құр, бос тұрғанынан гөрі кәдеге жарағаны жөн дейді.
Атырау мен Қостанайдағы резиденциялар да балалардың игілігіне берілуі қажет.