Қазақстандағы байланыс операторларына тариф шарттарын өзгертуге тыйым салынуы мүмкін

Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігіне байланыс қызметтерін көрсету қағидасына азаматтардың құқығын қорғау мақсатында өзгерістер енгізу туралы ұсыныс жолдады, деп хабарлайды Zakon.kz.

Бұған дейін Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі  (БҚДА) ұялы байланыс операторларының тарифтік жоспарға енгізілген қызметтер көлемін біржақты өзгерту әрекеттеріне қатысты азаматтардан өтініштер түскен.

"Материалдарды талдағаннан кейін ұялы байланыс операторлары тарифтік жоспарға енгізілген қызметтер көлеміне абоненттер сұранысына ие болмайтын шамалы өзгертулер енгізетіні анықталды. Бұл ретте тарифтік жоспардың құны көтеріледі", - делінген БҚДА хабарламасында.

Осыған байланысты Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі байланыс саласындағы уәкілетті органға белгілі бір ұсыныстар әзірледі. Атап айтқанда, ұсыныс - ақылға қонымды шығындарға байланысты оның құнын көтеруді қоспағанда, ұялы байланыс операторларының тарифтік жоспар шарттарын өзгертуге тыйым салуды белгілеу.

Мақсат – ұялы байланыс операторларының абоненттерге талап етілмеген қызмет көлемінің бағасын таңуын болдырмау.

"Ұсыныстар оператормен шарт жасасу кезінде олар келісілген тарифтік жоспарлардың шарттарын пайдалануға құқылы тұтынушылардың құқығын қорғау мақсатында әзірленді. Өз кезегінде тарифтік жоспарының шарттарымен қанағаттанбаған адам қолайлы шарттары бар басқа тарифтік жоспарға ауысуға құқылы".ҚР БҚДА баспасөз қызметі

Агенттіктің ұсыныстарын қазір Цифрлық даму министрлігі қарастырып жатыр.

Қазақстан
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: