Ал мамандар өңірдегі ең ірі екі су қоймасының жартысынан астамы босап қалғанын айтады. Қойма суы азайғасын балдыр басып, сапасы төмендеген. Бұл туралы "Астана" телеарнасы хабарлады.
Облыстағы ірі су қоймаларының бірі – Қаратомар. 1965 жылы пайдалануға берілген. Жалпы сыйымдылығы – 586 млн текшеметр, бірақ қазір қойманың тең жартысынан астамы бос тұр.
"Біраз жылдан бері су келмеді. Тасқын жоқ. 2005 жылы соңғы рет жеткілікті келді. 20 жылға жуық уақыт жоқ". "Қазсушар" РМК облыстық филиалының директоры Дәурен Әбдіхамитов
Қаратомардың суын Рудный қаласы мен Қашар кенті тұтынып отыр. Тұрғындар кейінгі жылдары құбыр суы мүлде ішуге жарамсыз күйге түсті дейді.
"Кранның суы ащы. Амал жоқ ішеміз. Балаларға оны беруге болмайды. Көшедегі тазартылған суды сатып әкелеміз. Оның өзі қымбаттап кетті". Рудный тұрғыны Медет Әлішев
Мамандар көктемгі тасқыннан да көп су келмейтінін айтады. Мысалы, Қаратомарды толтыру үшін кемінде 176 миллион текшеметр су қажет. Ал болжам бойынша биыл 90 миллион текшеметр су келуі мүмкін. Қоймадағы тіршілік нәрі азайған сайын тұрғындар тұтынатын судың сапасы нашарлай түседі. Қала билігі дереу ұңғыма қазу керек деп дабыл қағып жатыр.
"Бізге ұңғыма қазу арқылы қосымша су көздерін пайдалануға дереу кірісу керек. Мұндай орын бар. Атқарылатын жұмыстың жобасын жасау 18 миллион теңге тұрады. Ал ұңғыманы толық іске қосуға жарты миллиард теңгеден астам қаржы қажет болуы мүмкін". Рудный әкімінің міндетін атқарушы Виктор Ионенко
Жергілікті билік тығырықтан шығудың жолын жерасты суларын пайдалану арқылы тапқандай болып отыр. Алайда ұңғымадан аққан су қажеттіліктің 30-40%-ын қамтиды.