"Бағдарлама өмірге жақын болуы керек. "Қазақстан көмірді отын ретінде пайдаланудан бас тартуы керек" дейсіздер. Бірақ мынаны түсініп алайық. Бізде моноқалалар, көмір өндіретін кенші өңірлер бар. Сіздердің ұрандарыңызды іске асыра бастасақ, онда күні ертең ондаған мың адам мен олардың отбасы жұмыссыз қалады. Бұл мәселені қалай шешпексіздер? Популизмді қою керек шығар", – деді сұрағын "Байтақ" жасылдар партиясының саяси өкілі Айнұр Сәбитоваға бағыттаған Айдос Сарым.
Жасылдар партиясының өкілі сұраққа сұрақпен жауап беріп, бас партияның өзіне тап берді.
"Кеншілерді қалай қорғау керектігін Парламенттегі тәжірбиесі өте мол партия сұрап отырғаны ма? Көмірді қарапайым адамның денсаулығына зиян келтірмейтіндей сауатты қолдану мәселесін сіздер шешпеуші ме едіңіздер?! Біздің пікірімізше, бұл мәселені нақ Сіздің партияңыз шешуі керек! Өйткені мұндай сұрақты жас партиядан сұраудың орнына, біздің ойымызша, нақ сіздің партияңыз кеншілерге төлемақыны қайтарып, кеншілерге өте үлкен әлеуметтік пакет дайындап, лайықты жалақы бекітіп, шахтада жұмыс істейтіндерге ғана емес, олардың отбасы мүшелеріне де өте сапалы медициналық қызметті бекіту қажет болған", – деді ол.
Сондай-ақ "популизммен айналыспаймыз" деген "Байтақ" партиясының өкілі бұл мәселе кеншілердің өміріне зиян келтірмейтіндей етіп талқылануы керек екенін алға тартты.
"Кеншілерді жұмысынан айырғалы отырған жоқпыз. Оның қандай еңбек екенін түсінеміз. Біз көмірді пайдалануды тоқтауды талап етіп отырған жоқпыз. Оның қандай еңбек екенін түсінеміз. Біз көмірді экспорттай аламыз. Қазақстан содан табыс табады. Бұл мәселе әрдайым қарапайым адамның денсаулығына зиян келмейтіндей етіп талқылануы керек"."Байтақ" жасылдар партиясының саяси өкілі Айнұр Сәбитова