Алматы зообағы сусиыр неге лас суда тұратынын түсіндірді

Алматы зообағының мамандары берген мәлімет бойынша, сусиырдың ерекшелігі белгілі бір аумақты меншіктеп тіршілік ететінінде, деп хабарлайды Zakon.kz.

Алматы хайуанаттар бағы Instagram-дағы парақшасында түрлі жануар туралы ақпарат беріп отырады. Бүгін бақ қызметкерлері сусиырлардың ерекше тіршілігі туралы айтты.

"Бұл ірі жануарлардың ерекшелігі – белгілі бір аумақты меншіктеп тіршілік етеді. Олар өз аймақтарын нәжісімен белгілеп, сол аймақты қорғайды. Жүрген жерлерін белгілеп қою үшін олар құйрығын ары бері қимылдату арқылы нәжісін жан-жаққа, мүмкіндігінше алысырақ жерге шашады", - делінген жазбада.

Зообақтағы Джамбо мен Лотти де солай істейді. Олардың қоршауындағы суды күнара ауыстырған сайын, арада бір сағат өтпей жатып су лайланып кетеді екен.

"Өкінішке қарай, біздің кейбір келушілеріміз бұл табиғи жағдайды түсінбей, жануарлар лас жағдайда ұсталады деп ойлайды. Сусиырларға арналған құрылыс тым ескі: өткен ғасырдың 60-жылдары салынған. Жануарларға арналған жаңа павильон салу жылдам жүзеге асырылатын жұмыс емес". Алматы хайуанаттар бағы

Қазір бақ "Африка саваннасы" кешені құрылысының эскизі мен ЖСҚ (жобалық-сметалық құжаттама) дайындап жатыр. Онда пілдерге, сусиырларға, керіктер мен антилопаларға жаңадан қысқы және жазғы қоршау салынады. Сонымен қатар су тазартатын қуатты қондырғысы мен ауа тазарқышы бар бассейн салынады. Құрылыс 2024 жылға жоспарланған.


Алматы Қазақстан Қызықты
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: