Атырауда жекеменшік бақшада бала құлап жарақат алды

Атырауда жекеменшік бақшада бала жарақаттанды. Ата-анасы баланың қайдан құлағанын білмекші боп, бейнебақылау жазбасын сұраған, алайда ондағылар көрсетуден бас тартқан, деп хабарлайды Zakon.kz.

Ал білім ұйымының басшысы "болмашы нәрсеге шу шығардың" деп, бөбекті бақшаға қабылдамай қойған. Бұл туралы "Астана" телеарнасы хабарлады.

"Менің балам әлі сөйлемейді. 2 жасқа да толған жоқ. Содан бері жиі мазасызданып жүр, бір көзінің айналасы қозғала береді. Қазір енді мен дәрігерлерге барып, тексерістен өтіп жүрмін. Жарақат бөліміне барған кезде полиция менен түсініктеме алған еді. Содан соң учаскелік полиция балабақшаға келген. Содан бері баламды қабылдамаймын деп отыр. Сәуір айына толық төлем жасап қойғанмын".  Ата-ана Динара Амандықова

Динара Амандықова баласы Аланның қайдан, қалай құлағанын білгісі келеді, бірақ ондағылар бейнебақылау жазбасын көрсетуден бас тартқан. Енді ол балабақша қызметкерлерінің кешірім сұраудың орнына, баласын қабылдамай қойғанын түсінбей отыр.

Өңірдегі білім саласындағы сапаны бақылау департаменті жекеменшік бақшалар тізімінен бұл ұйымды таппады. "Олар бала тәрбиелеумен заңсыз айналысып отырған болуы мүмкін" дейді. 

"Инкар" балабақшасы бізде базада тіркелмеген, яғни бізге хабарлама жібермеген. Білім берудің ұлттық деректер қоры бар, онда да бұл балабақша, орталық туралы ешқандай мәлімет жоқ. Яғни өз ісімен заңсыз айналысып отыр деп айтуға болады".  Облыстық білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету департаментінің бөлім басшысы Ғабиден Төрекешов

Ал ақысы төленсе де, балабақшаға бүлдіршінді қабылдамағаны үшін азаматтық сотқа арыздануға кеңес берді. Полиция бұған қатысты тексеріс бастады. 

"Жарақат алған балаға сот медициналық сараптама тағайындалды. Сол сараптаманың қорытындысына сәйкес, тиісті шешімдер шығарылады. Яғни баланың жарақатты қандай дәрежеде алғаны және ол жарақатты неден алғаны туралы сараптама қорытындысы шығады".  Облыстық полиция департаментінің баспасөз хатшысы Мейірім Ердәулет
Қазақстан
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: