Жүз жасаудың сыры неде? Максим Зверевтің ұзақ өмір сүру құпиясы

Белгілі жазушы, ғалым Максим Зверев жүз жасқа жуық ғұмыр кешіп, өмірінің соңына дейін қызмет етті. Жазушының өзі көзі тірісінде ұзақ жасаудың сырымен бөлісіп кеткен.

Алма-Атаға ғашық болған Сібір адамы

Алматының шетінде Максим Зверев көшесі бар. Ғалым өмірінің басым бөлігі дәл осы жерде өтті. Бұрын көше Грушев деп аталған. Ал 1993 жылы жазушы қайтыс болғаннан кейін билік өкілдері арнайы комиссия құрып, көше атауын Зверевтің құрметіне өзгерткен.

1937 жылы Алма-Атаға көшіп келген соң, бастапқыда Максим Зверев жұбайымен бірге зообақ аумағындағы шағын үйде тұрды. Негізінде, ғалымның осында қоныс аударуының себебі де сол зообаққа қатысты еді. Ол Мәскеу зообағында енді ғана құрылған аң көрмесінің директоры Мырзахан Төлебаевпен кездейсоқ танысып қалады. Ал Төлебаевқа ғылыми бөлімнің директоры қажет еді. Сөйтіп, әр жылдары Томскіде, Новосібірде өмір сүрген Максим Зверев ҚазКСР астанасына табан тіреді. Ол Алма-Атаның керемет табиғатына бірден ғашық болып, қалған өмірін осында өткізуді шешкен.

Сосын соғыс басталып, Зверев әскер қатарына шақырылды. Ол теміржолда әскери диспетчер болып қызмет етті. Көп ұзамай білікті маман Алма-Атаға қайтарылып, зообақ пен қорықтың директоры қызметіне тағайындалды. Сөйтіп, 1944 жылы Зверевтер отбасына Грушов көшесінен үй берілді.

Жазушы ұрпақтарының арқасында аталған үй әлі де жақсы жағдайда сақталған. Максим Зверев бұл жерге алғаш көшіп келгенде үй салынып бітпеген тұғын. Ол жұбайымен және балаларымен бірге көптеген жылдар бойы үйдің құрылысын жалғастырып, ауланы абаттандырды.

Сондай-ақ Зверев көшесінде Алматыдағы ең ескі саналатын – 300 жылдай тұрған емен ағашы бар. Ғалымның немересі Натали Звереваның айтуынша, бұрын атасы: «Біздің көшеде ең жасы үлкен екеуміз – мен және емен», деп қалжыңдайды екен.

Табиғат қорғаушы және ағартушы

Зверев жазушы ретінде кеңінен танымал болғанымен (ол 157 шығарма қалдырды), оның табиғатты қорғау саласындағы елеулі қызметін көбісі біле бермейді. Айта кетсек, ол Алматы айналасындағы тауларда өсіп жатқан Тянь-Шань шыршаларын кесуге тыйым салу шешімін белсенді қорғады. Расында, Зверевтің күшімен шырша орманы ерекше қорғалатын топқа ауыстырылды.

Натуралист Қапшағай су қоймасын құруға да қарсы болды, бұл бірегей экожүйені бұзады деп сенді. Сондай-ақ браконьерлерге қатаң шаралар қабылдануын талап етті.

Одан бөлек, Зверев ағартушылық қызметпен де айналысты. 1943 жылы соғыс кезінде Максим Дмитриевич жас табиғат зерттеушілердің шағын академиясын құрды. Уақыт өте келе бұл қозғалыс бүкіл ҚазКСР аумағына таралды.

Жазушы өз үйінде үнемі көптеген ерекше жануарларды асырады, оларды мектеп оқушыларына қуана көрсететін. Жазушының немерелері еске алғандай, үйде тиындар, суырлар, құрбақалар, сөйлейтін қарға, тіпті, қасқырға дейін болған. Айтпақшы, жыртқыш кейіннен киностудияға берілген – шағын жер учаскесі қасқырға тым тарлық қылды.

Жүз жасаудың сыры неде?

Максим Дмитриевичтің жүз жасқа толуына небәрі 10 ай ғұмыры жетпеген. Жазушы осынау егде жасқа жеткенде де күнделікті жұмысын жалғастырып, өз шығармаларының екі томдығын басып шығаруға дайындаған, жаяу көп жүрген, үнемі жаттығу жасап, күн тәртібін қатаң сақтаған. Ұзақ өмір сүрудің және егде жаста да өзін сергек ұстаудың құпиясы неде? Бұл сұрақ көзі тірісінде Зверевке бір емес, бірнеше рет қойылды. Ол өзінің ғылыми әдеті бойынша жауаптарын жүйелеп беруді жөн көрген:

1. Оптимист болу. Әр сүрген күніңді тағдырдың берген сыйы деп санау.

2. Әр күнің үшін тағдырыңа алғыс айта білу.

3. Ашу кәрілікті жақындатады, ал күлімсіреу қуаныш пен денсаулық сыйлайды.

4. Адамдармен қарым-қатынас жасау – ұлы қабілет, тұйықталуға жол бермейді.

5. Тәулік бойы физикалық тұрғыда және ақыл-оймен еңбектену. Күн сайын физикалық жұмыспен немесе бірнеше шақырым жаяу жүрумен қатар, жаңа әңгіме немесе очерк жазу.

6. Ісіңді бар ынтамен, құмарлықпен атқару – бұл өміріңді ұзартып, көркейтеді.

7. Әрдайым Қазақстанның ғана емес, бүкіл әлемнің жағдайы жайлы хабардар болу керек.

8. Күнделікті таңертең, күндіз және кешке жаттығу жасау. Бойды еркін ұстап, демалуды үйрену. Міндетті түрде күндіз 20-30 минут ұйықтау.

9. Табиғат – адамның жүйке жүйесін бағалаушы (Константин Ушинский).

10. Табиғат жайлы жақсы көркем кітап белгілі бір деңгейде сол табиғат аясына шығудың орнын толтырады, тыныштандырады.

12. Өзіңді тәрбиелеу, өз ағзаңды ерік-жігермен басқару қажет. Шаршау, көңілсіздік пен қайғы жабырқауға, абдырау мен қорқуға ұласпай, оларға қарсы тұратын энергиямен басылуы керек.

Жазушының немересі Натали Зверева толықтырып өткендей, Максим Дмитриевич энергияның негізгі көзін табиғатпен қарым-қатынастан алатын.


"Мысалы, соғыс кезінде ол тылда болды, бірақ қызметі өте қауырт еді. Қолы босай қалса, орманға кетіп, сүйікті ісімен айналысты: бақылап, жазып, үйлестірді. Кейіннен өзі көлік жүргізбейтін кезде оны ара-тұра қала сыртына, тоғайдың шуы, бұлбұлдардың әні естілетін жерге апарып тұру керек болды. Қаланың қарбалысынан жаны демалып, күш-қуат алып қайтатын," – дейді Натали.


Қазақстан
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: