Бурабайдағылар құтқарған аққу мен бірқазан қайта табиғатқа жіберілді

2022 жылдың күзінде Бурабай курортының хайуанаттар бағына адамдар жараланған бірқазан мен "Қызыл кітапқа" енген аққуды жеткізген еді, деп хабарлайды Zakon.kz.

Құстарды ҚР президентінің іс басқармасына қарасты «Бурабай-Дамудың» ветеринарлары емдеп, қыс бойы баптаған. Енді құстар бүгін табиғат аясына жіберілді.

Мамандар алты ай қыста әл жинап, өз бетінше өмір сүруге жарап қалған құстарды Бурабай ауданындағы Жайнақ көліне жіберді. Енді екеуі өз үйірін табуға тиіс.

"Сұңқылдақ аққу мен бірқазан – еліміздің "Қызыл кітабына" енген құстар. Күзде бізге әкелген кезде ветеринариялық тексеруден өткізіп, қабылдап алдық. Әлсіреп, қатты қорқып қалғаны болмаса, зақымданған жері жоқ екен. Алты ай ішінде зоологиялық баққа үйреніп қалып еді. Бірақ бәрібір жабайы табиғат аясында, өздерінің ортасында өмір сүргені дұрыс", – дейді бақтың ветеринары Ильдар Файзулин.

Қыстап шыққаннан кейін күшейген құстарды Жайнақ көліне апарып, табиғи ортасына жіберді.

Жалпы «Бурабай» мемлекеттік ұлттық паркінде құстың 197 түрі бар. Оның 14-і "Қызыл кітапқа" енген.

Қазақстан
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: