Бұл туралы өңірлік коммуникациялар орталығында өткен баспасөз мәслихатында Қызылорда облысы кәсіпкерлер палатасының директоры Пірмұхаммед Сыздықов айтты.
Баспасөз мәслихатына Кәсіпкерлер палатасының директоры Пірмұхаммед Сыздықов, облыстық Іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Наталья Мишукова, Кәсіпкерлер палатасының бөлім басшысы Әсел Алушаева қатысты.
«Биыл кәсіпкерлікпен айналысамын деген азаматтарға, кәсіпкерлерге жақсы мемлекеттік қолдау тетіктері енгізіліп жатыр. Қаржылай қолдау тетіктеріне 2,5 пайызбен жастарға берілетін несиені, «Ауыл аманаты» бағдарламасын айтуға болады. Ал қаржылай емес қолдау тетігіне биыл басталған «Мен кәсіпкер» жобасын атап өткім келеді. «Мен кәсіпкер» – «2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба» аясында жүзеге асырылып жатыр. Ол жаңа жоба. Бірнеше саланы қамтиды. Жобаны «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы жүзеге асырып жатыр», – деді Пірмұхаммед Сыздықов.
«Мен кәсіпкер» – жобасы бірнеше саланы қамтиды. Негізгі екі бағыты бар: әйелдер кәсіпкерлігін дамыту орталығы, кәсіпке бағыт.
Сурет: Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі
«Әйелдер кәсіпкерлігін дамыту орталығы» бағыты аясында Кәсіпкерлер палатасының кеңесшілері кеңес беріп, олардың қажеттіліктерін анықтайды. Одан кейін сұранысын анықтап, соған сәйкес қыз-келіншектерді оқытады. Бұл бағытқа тек қана қыз-келіншектер ғана қатыса алады», – деді Әсел Алушаева.
«Бір ауыл – бір өнім» жобасы «Әйелдер кәсіпкерлігін дамыту орталығы» бағыты аясында іске асады.
«Бұл қыз-келіншектерге арналған жоба. Оның шартының бірі – шикізат жергілікті өнім болуы керек. Негізі бұл жоба пилоттық тұрғыда төрт облыста жүзеге асқан. Былтыр Батыс Қазақстан, Жамбыл, Қостанай, Маңғыстау облыстарында іске асты. Биылдан бастап барлық өңір қатысады. Сол себепті, идеясы бар немесе жобасы дайын, қалай жүзеге асыруға болады деген қыз-келіншектерге қолдау көрсетеміз»,– деді облыстық Іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Наталья Мишукова.
Қазір Кәсіпкерлер палатасында «Мен кәсіпкер» жобасы аясында жұмыс істейтін арнайы кеңесшілер бар. Жобаға қызығушылық танытқан азаматтар Қызылорда облысының кәсіпкерлер палатасына хабарласуына болады. Тел.: 8 /7242/ 40-09-81.