«Қарызсыз қоғам»: 6 мыңнан астам адам қаржылық сауаттылық сабағынан өтті

Астанада «AMANAT» партиясы Halyk Bank және «Ұлы Дала» ауылдық бизнесті дамыту қауымдастығымен бірге жүзеге асырып келе жатқан «Қарызсыз қоғам» қаржылық сауаттылықты арттыру жобасының аралық қорытындысы шығарылды. Жоба аясында 6 мыңнан астам отандасымыз оқудан өтті.

«Ұлы дала» қауымдастығының президенті Ақмарал Бекмұрзаеваның айтуынша, оқыту бағдарламасы ауыл тұрғындарының қажетін ескере отырып әзірленді. Отандастарымыздың қаржылық сауатын арттыруға атсалысып жатқан сарапшылар қаржы мәселесі қалай пайда болатынын, дәл қазіргі уақыттағы несие қарызының санын қалай азайтудың қандай жолдары бар екенін, алаяқтықтардың әрекетін қалай анықтауға болатынын және қаржы пирамидасынан қалай аулақ болу керек екенін түсіндіруде.

"Қаржылық сауат әр адамға қажет. Жоба аясында берілетін білім өмір сүру деңгейін арттыруға ықпал етіп, ертеңгі күнге деген сенімді нығайтады. Оқуға әлеуметтік мәртебесі мен материалдық жағдайы әртүрлі адамдар келеді. Біз ауыл тұрғындарын, ісін жаңа бастаған кәсіпкерлерді, дәл қазіргі уақытта қарызы бар және төлем жасау мерзімін өткізіп алған азаматтарды, сондай-ақ несие қарызы бар және борышкерлер тізімінде тұрған жандарды оқытамыз." Ақмарал Бекмұрзаева.

Спикер қаржы мамандарының дәрісімен қатар, оқу процесіне қатысушыларға заңгерлік көмек көрсетілетініне кепілдік берілетінін айтты. Олар әр қарыз алушының несие тарихын жеке зерттеп, қарыз жүктемесін жеңілдету бойынша тәжірибелік кеңес береді.

Оқыту жұмысы Ақтөбе, Алматы, Атырау, Жамбыл, Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Түркістан және Маңғыстау облыстары сынды еліміздің сегіз өңірінде жүргізілуде. Бүгінде бас-аяғы 6120 адам оқыту курсынан өтті. Оның 81,5%-ы – әйелдер, 18,5%-ы – ер адамдар. Кәсіптер бөлінісінде жобаға қатысушылардың 17,3%-ы – бюджет саласының қызметкерлері, 13,6%-ы – кәсіпкерлер, 48,2%-ы – әлеуметтік жәрдемақы алушылар, 15,3%-ы – жұмыссыздар, 5,6%-ы – өзін-өзі жұмыспен қамтығандар.

Айта кетейік, жобаға қатысушылардың 69,4%-ның несиесі бар. Сондай-ақ, 46,8% адамның ай сайынғы төлемі – 100 мың теңгеден төмен, ал 9,5% қатысушы 90 күннен астам уақыт төлем жасау мерзімін өткізіп алды.

Сурет: Halyk Bank

Өз кезегінде, Halyk Bank-тың Астана филиалының директоры Жанар Рахимова «Қарызсыз қоғам» жобасының негізгі мақсаты ертеңгі ел экономикасын қалыптастыратын бүгінгі жастар үшін мемлекетте қаржылық білім беру жүйесін құру екенін атап өтті.

"Жасыратыны жоқ, көп отандасымыз қаржыны қалай басқару керек екенін, «несие» ұғымының астарында не жатқанын нақты біле бермейді. Соның салдарынан, қаржылық сауаты төмен адамдар қарызға белшесінен батып жатады. Сондықтан еліміздің жетекші банкі ретінде «Қарызсыз қоғам» жобасы біз үшін өте маңызды. Айта кетейік, өңірлердегі қызметкерлеріміз оқу процесіне белсенді араласып жатыр. Олар дәріс оқып, өз тәжірибесімен бөлісіп, қатысушылардың сұрағына жауап беруде. Алғашқы аптаның нәтижесін көріп, халықтың жобаға деген жоғары қызығушылығын байқадық. Осылайша, қаржылық сауаттылықты арттыруға арналған сабақтың отандастарымызға қаншалықты қажет екеніне көз жеткіздік. Демек, алдағы уақытта да ауқымды жұмыс атқарылады", – деді ол.

Еске сала кетейік, бұған дейін «AMANAT» партиясы Halyk Bank-пен бірге «Қарызсыз қоғам» жобасының басталғанын жариялап, тиісті меморандумға қол қойған болатын. Жобаны Halyk Bank қаржыландырады. Жобаның басты мақсаты – азаматтардың қаржылық сауатын арттыру. Оқыту жұмысы жыл соңына дейін жалғасады. Бірінші кезеңде «Қарызсыз қоғам» жобасы аясында 80 мыңға жуық адам оқудан өте алады. Курсқа жазылу үшін тұрғылықты жері бойынша «AMANAT» партиясының аудандық филиалына хабарласу қажет. Тыңдаушылардың жаңа тобына арналған сабақ биыл 29 мамырда басталады. Жобаға қатысушылар күндізгі форматта сауатын арттырып, бір топта 50 адамға дейін оқытылады. Оқу процесінің ұзақтығы – 5 жұмыс күні.


Қазақстан
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: