"ҚазМұнайГаз" арнайы жұмыс тобы Жаңаөзенде тексеріс жүргізуді жалғастырып жатыр. Қазіргі уақытта 55 шаруашылық қызмет нысаны, соның ішінде "Өзенмұнайгаз" АҚ 17 өндірістік құрылымдық бөлімшесі, 8 мұнай сервис ұйымы мен 30 басқа да мердігер ұйымның қызметі талданды.
"Өзенмұнайгаз"-дың қаржы-шаруашылық қызметін тексеру кезінде алдын ала 160 бұзушылық пен сәйкессіздік анықталды, оның ішінде:
- 7 факті ҚР заңнамасына сай шаралар қабылдау үшін құқық қорғау органдарына жіберілді;
- 10 факті бойынша қызметтік тергеу жүріп жатыр;
- 101 факті бойынша жауапты тұлғаларға тәртіптік жаза қолданылады.
Келтірілген шығын сомасы процессуалды және регламенттеуші іс-шаралардың қорытындысы кезінде белгілі болады.
"Біз құқық қорғау органдарымен тығыз жұмыс істеп, заңға қайшы анықталған әрекеттер жайлы дер кезінде хабарлап отырмыз. Бұдан әрі олар тергеу жүргізіп, өзге іс-шараларды қолға алады. Солардың біріне кеше Экономикалық тергеу департаментінің "Өзенмұнайгаз" бас директорының орынбасарын ұстау фактісі де жатады. Комиссияның жұмысы әлі аяқталмады, көптеген факт бойынша қызметтік тергеулер жүріп жатыр", - деді арнайы жұмыс тобының жетекшісі, "ҚазМұнайГаз" басқарма төрағасының орынбасары Дәулетжан Хасанов.
Еске салайық, кеше, 2 маусымда Маңғыстау облысы бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаменті "Өзенмұнайгаз" АҚ бас директорының орынбасары Бауыржан Мәмбетсапаевты лауазымдық өкiлеттерін шектен тыс пайдаланды деген күдікпен ұстады.
Мәмбетсапаев жұмысқа қабылдау туралы бекітілген қағидаларды өрескел бұзып, өзінің бірнеше танысын "Өзенмұнайназ" АҚ-на заңсыз қабылдаған.