Қалыптасқан жағдайды ескере отырып, Қарулы күштердің 600 әскери қызметшісі мен 50 бірлік техника Шүлбі, Талица, Озерки, Жерновка және Барышевка учаскелеріндегі тілсіз жаумен күреске тартылған. Жағдайды әуеден бақылау үшін үш ұшқышсыз ұшу аппараты қолданылып жатыр.
Төтенше жағдайлар министрлігінің өрт сөндіруші есептоптары мен "Шығыс" өңірлік қолбасшылығының бөлімшелеріне армиялық авиация әуеден қолдау көрсетуде.
Сурет: Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі
Іс-қимылын "Шығыс" өңірлік қолбасшылығы жедел штабының 12 әскери қызметшісі үйлестіріп отыратын 3 арнайы топ жұмыс істеп, 69 адамнан тұратын 23 ұшу экипажы нақты және үйлесімді әрекет етіп жатыр. Мәселен, тікұшақтан жеке дара су төгу әдетте тиімсіз. Бұл бір ошаққа үш тонна ғана су деген сөз. Егер алты тікұшақпен ұшса бір мақсатта жұмыс істейді. Кейде 40 секундта бір жерге 30 тонна су төгуге болады.
Ұшқыштардан кейін ТЖМ-нің жердегі өрт сөндіруші есептоптары жалынды ауыздықтап жатыр. Олардың соңын ала Абай гарнизонының әскери қызметшілері іске кіріседі. Әскерилер жанып жатқан ағаштарды құлатып, бықсыған отты өшіріп жатыр. Жұмыс күндіз-түні тоқтап тұрған жоқ.
Сурет: Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі
Сондай-ақ әскери қызметшілердің дер кезінде тамақтануы мен демалып күш жинауына уақыт бөлінген.
Ауқымды апат аймағында қарулы күштердің барлық бөлімшелерінің іс-қимылын үйлестіруді Қорғаныс министрі генерал-полковник Руслан Жақсылықов жүзеге асырып жатыр. Төтенше жағдайлар министрлігінің жедел штабымен, жергілікті әкімшілікпен бірлесіп, ол өртке қарсы іс-шараларға қатысатын жеке құрамның міндеттерін айқындап жатыр.