Қазақстанда атом электр стансасын салу немесе салмау жөнінде шешім қабылдағаннан кейін ғана барып қандай өндірушілермен – "Росатоммен" немесе басқа компаниямен келіссөздер жүргізуді ойластыруға болады, деп есептейді Нұрлан Жақыпов.
"Шешім қабылдау үшін ескеретін көптеген фактор бар: атом электр станциясы бола ма, жоқ па. (...) Атом электр станциясы – өте қымбат дүние. Станцияның құны миллиардтаған, мүмкін ондаған миллиард доллар болуы мүмкін. Бұл атом электр станциясы өзін ақтау үшін тариф қандай болуы керек? Ондай тарифке шамамыз келе ме? Барлығымыз электр қуатын пайдаланамыз, ұялы телефонымызды қуаттаймыз, интернетке кіреміз, теледидар көреміз. Ал ертең атом электр станциясын саламыз делік, онда электр энергиясының құны қанша болады?"Нұрлан Жақыпов
Қор басшысы "Қазақстан халқының атом электр стансасын салуға шама жете ме, дайын ба, соны мұқият ойластыру керек" деген пікір білдірді. Ол АЭС электр қуатының тапшылығын жабуы керек екенін, бірақ құрылысы шамамен 10 жылға созылатынын айтты әрі оған қомақты қаржы кетеді.
"Бұл электр энергиясының ақысын кім төлейді? Біз, балаларымыз. Оларға не қалдырамыз? Бұл жерде барлық тұрғыдан дұрыс талдау жасау керек". Нұрлан Жақыпов
Атом электр станциясы салынатын жер туралы сұрақтар туындап жатыр. Ол жерге экология және сумен жабдықтауға қатысты бірқатар талап қойылады.
"Атом электр стансасын салуға қойылатын талаптардың бірі – жақсы үлкен су қоймасының болуы. Экология жағын біле бермеймін, бірақ мен есептерді оқып жүрмін. Каспий қазірдің өзінде тартылып жатыр, Балқаш та таязданып барады. Біреуін таңдап, атом электр станциясын салып, 10 жылдан кейін су тағы 10 метрге тартылатын болса, не болмақ? Біз күн сайын өзгеріп жатқан заманда жұмыс істеп отырмыз. Дарвин айтқандай, ең күштілер емес, ең жылдам бейімделетіндер аман қалады. "Қоя салайық" деп шешім қабылдай алмаймыз. Ал 10 жылдан кейін ол салынғанда су болмаса ше? Оған қоса, жергілікті тұрғындар тарапынан әлі де сұрақтар бар: бүйірінде АЭС тұратынына бәрі бірдей дайын емес. Сондықтан бірқатар сұраққа салмақты жауап беріп алып, бір-ақ шешім қабылдауымыз керек".Нұрлан Жақыпов
15 маусымда Сенат кулуарында ҚР Энергетика вице-министрі Жандос Нұрмағанбетов АЭС салу мәселесі референдумға шығарылмайтынын айтты.