Аталмыш романды музейге Павлодар ауданының Пресной ауылының тумасы Күлкен Әмірәліқызы "Атамның құраны" деп әкеліп берген.
Құран Кәрім парақтары арасында анықталған романды арабша әріп таныған музейдің ғылыми қызметкері Әділбек Әмренов оқып, тарихын зерттеген. Роман сол замандағы қазақ қыздарының бас бостандығы туралы күрделі жанрда жазылған көлемді шығармалардың бірі.
"Тайыр Жомартбаевтың "Қыз көрелік" романы XX ғасырдың басында жарық көрген қазақ романдарының алғашқыларының бірі болып табылады. 1910 жылы Міржақып Дулатовтың "Бақытсыз жамал" романы Қазанда басылса, 1912 жылы екінші болып Тахир Жомартбаевтың "Қыз көрелігі" Семейде "Жәрдем" баспаханасында 44 бет болып басылып шықты. Табылған романның бізге жеткені 11-беттен 36- бетке дейін. Өкінішке қарай, мұқабасы, кіріспесі және соңғы жағы жоқ", - дейді филология ғылымдарының кандидаты, Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейінің ғылыми қызметкері Әділбек Әміренов.
Жиын барысында жазушының қазақ ағартушылық саласындағы орны, өмірі мен шығармашылығынан сыр шертілді. "Қыз көрелік" романының маңызы, ондағы кейіпкерлер, осыған байланысты зерттеулермен мәселелер көтерілді.
Тайыр Жомартбаевтың шын есімі Тайлақбай. Ол педагог, жазушы, драматург. 1884 жылы Семей облысы, Мұқыр ауданы (қазіргі Мұқыр ауылы, Абай ауданы, Шығыс Қазақстан облысы ) дүниеге келген. Семейдегі "Жәрдем" баспаханасынан жастарды адамгершілікке, ізгілікке, оқу-білімге үндейтін "Балаларға жеміс" атты өлеңдер жинағы, төңкеріске дейінгі қазақ қыздарының әлеуметтік жағдайын көтерген "Қыз көрелік" романы басылып шыққан.
Мектептер мен қазақ педагогикалық техникумында қазақ тілі мен әдебиеті, математика сабақтарын жүргізіп, әдеби-драмалық және музыкалық үйірмелер ұйымдастырып, өңірімізде сахналық өнердің дамуына зор үлес қосқан. КСРО-ның халық әртісі, белгілі режиссер Шәкен Айманов, Қазақ ССР-нің халық әртісі Шахан Мусин – Тайыр Жомартбаевтың шәкірттері.
Спикердің айтуынша, осындай шаралардың пайдасы өлкеміздегі құнды жәдігерлердің табылуы рухани-мәдени жағынан маңызды болып есептеледі. Бұған дейін де қазақ әдебиетінің нар тұлғаларының кітаптары табылған еді. Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейі ақын-жазушылардың жұмыстарын зерттеп, насихаттау жұмыстарын үздіксіз жүргізіп келеді.
Музей қорында біршама кітаптар сақтаулы. Әсіресе, тұрғындар көздің қарашығындай сақтаған құран кәрім кітабын тапсырады. Бос жатқан парақтарын зерттей келе, музей қызметкерлері бірнеше романды тапқан. Атап айтар болсақ, Ахмет Байтұрсыновтың "Маса", "Қырық мысал", Қошмұхамбет Кемеңгеровтің "Жас қазақ" журналының беттерімен музейдің алтын қоры толықты.