"Сіз түсірген видеоны әлеуметтік желіден көрдім, өзге алматылықтар сияқты бұл оқиға мені де бей-жай қалдыра алмады. Бір жағынан, адамдардың қылығы қатты қынжылтты, ал тағы бір жағынан, Сіздің әрекетіңізге дән риза болып, кеудемді мақтаныш кернеді. Тіпті, үлкен адамдардың барлығы бірдей осындай қадамға баруы, көпшілікке қарсы тұруы екіталай, оған батылы да жетпес еді. Біздің Президентіміз айтқандай, Әділетті Қазақстанды жауапты әрі адал азаматтар ғана құрады. Сіз бұл арада аса жауапкершілік таныттыңыз. Мұндай жастар барда болашаққа деген сенім бар", – деді Ерболат Досаев.
Алматы қаржы-экономикалық колледжінің 2-курс студенті өзін қолдағандарға алғыс айтып, барлық адамды қамқор болуға шақырды.
"Бұл адамның орнында менің атамның да болуы мүмкін еді ғой. Осылай ойладым, сондықтан басқаша әрекет ете алмас едім. Егде адамды сөзбен түйреп, кемсітіп, қатаңдық танытып жатса, қарап тұра алмаймын. Мен өзім де атаммен бірге тұрамын, оған әрдайым қамқор боламын. Менің тәрбиемде ол кісінің рөлі зор. Өмірде мейірімді, қайырымды жандардың бір-біріне көмек қолын созғанын қалаймын", – дейді Жаннұр.
Айта кетсек, аталған оқиға Алматының №119 автобусында қарт адамның тосап салынған шыны ыдысты байқаусызда сындырып алған кезде орын алған еді. Кейбір жолаушылар оған тіл тигізіп, айыптай бастаған, сол кезде жасөспірім зейнеткерді жақтап, автобустың еденін өз жейдесімен сүртіп алған.