Қазақстан балмұздақ өндіруден рекорд орнатты
Сурет: gov.kz
2026 жылдың бірінші жартыжылдығында отандық кәсіпорындар 35,1 мың тонна балмұздақ өндірді. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 47,4%-ға көп.
Ұлттық статистика бюросы мен сала сарапшыларының мәліметінше, ішкі нарық көлемі 41,2%-ға ұлғайып, 31,9 мың тоннаға жетті. Ал импорт небәрі 7,1%-ға өсіп, 5,1 мың тоннаны құрады.
Өндірістің артуы экспортқа да оң әсер етті.
Мәселен, 2026 жылғы қаңтар-мамыр аралығында Қазақстан шетелге 8343 тонна балмұздақ экспорттады. Бұл бір жыл бұрынғы көрсеткіштен 38,5%-ға көп.
Салыстыру үшін айта кетейік, осы кезеңде импорт көлемі 7,1%-ға ғана артып, 5145 тоннаны құрады.
Қазақстандық балмұздақтың негізгі экспорттық нарығы – Ресей. Бұл елге 5748 тонна өнім жөнелтілді. Бұл жалпы экспорттың шамамен 69%-ын құрайды әрі өткен жылғы көрсеткіштен 39,6%-ға көп.
Екінші орында 2019 тонна өнім жеткізілген Қырғызстан тұр. Бұл елге экспорт көлемі 46,7%-ға артқан. Үшінші орында – Өзбекстан (498 тонна).
Қазақстандық балмұздақ Тәжікстанға (53 тонна), Моңғолияға (17 тонна) және Әзербайжанға (8 тонна) да экспортталады. Сонымен қатар Қытайға өнім жеткізу көлемін кеңейту жұмыстары жалғасып жатыр. Қазір осы бағыттағы қажетті логистикалық және реттеуші мәселелер шешілуде.
Қазақстанға импорттық балмұздақ жеткізетін негізгі елдер – Ресей (2250 тонна) мен Қырғызстан (2073 тонна). Олардың үлесіне жалпы импорттың 84%-дан астамы тиесілі.
Бұл ретте Беларусьтен жеткізілетін өнім көлемі 118%-ға, ал Өзбекстаннан келетін балмұздақ көлемі 78,9%-ға артқан.
Жаздың басында қазақстандықтарға балмұздақты дұрыс таңдау жолдары түсіндірілген болатын.