Қазақстанда өлім-жітім көрсеткіші 7,4%-ға төмендеген – ҚР ДСМ

2023 жылы 5 қазанда ОКҚ-да өткен брифингі барысында ҚР Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният 2021 жылғы көрсеткіштермен салыстырғанда қазақстандықтардың өмір сүру ұзақтығы төрт жылға өскенін жеткізді, деп хабарлайды Zakon.kz.

Ұлттық статистика бюросының мәліметтері бойынша, елімізде денсаулық сақтау саласында негізгі медициналық-демографиялық көрсеткіштердің оң динамикасы байқалады.

"2023 жылдың 7 айында өткен жылдың осындай кезеңімен салыстырғанда халықтың жалпы өлім-жітім көрсеткіші 7,4%-ға төмендеді. Сәби өлімі 10%-ға азайған". Ажар Ғиният


Денсаулық сақтау министрі Мемлекет басшысы халықтың денсаулығын сақтаудағы негізгі шаралардың бірі - алғашқы медициналық көмекті ұйымдастыру тәсілдерін ұтқырлық пен қолжетімділік тұрғысынан түбегейлі қайта қарастыруды тапсырғанын атап өтті. Қазіргі уақытта елімізде медициналық көмектің 57%-ын мемлекеттік амбулаториялық-емханалық ұйымдар, 43%-ын жекеменшік ұйымдар көрсетеді.

"Амбулаториялық деңгейде қаржыландыру ұлғайды, ол ДДҰ ұсынған 60% деңгейіндегі жалпы көлемнің 56%-ын құрайды. Жан басына шаққандағы норматив жылына бір тұрғынға 15 мың теңгеден 27 мың теңгеге дейін ұлғайды. Сондай-ақ, орта есеппен 1 тұрғынға шаққанда КТС – 1 565 теңгені құрады", – деді Денсаулық сақтау министрі ОКҚ алаңында өткен брифингіде.

Денсаулық сақтау министрінің айтуынша, амбулаториялық деңгейде қаржыландыру ұлғайды.

Үш жыл ішінде консультациялық-диагностикалық көмек көлемі жеті есе, қымбат тұратын КТ-қызметінің қолжетімділігі тоғыз есе, МРТ алты есе өсті. Үстіміздегі жылдың 6 айында 200 млн-нан астам консультативтік-диагностикалық қызмет көрсетілді.

Сонымен қатар, жалпы практикадағы дәрігер алдындағы кезекті төмендету үшін медбикелердің науқасты қабылдау бойынша функциясы кеңейтілді. Жалпы практикадағы дәрігер алдына бармай-ақ мамандардың қабылдауы үшін жағдайлар жасалды, ал онкологиялық ауруға күдік келтірілген науқастар үшін алғашқы медициналық-санитарлық көмек ұйымдарындағы тексеру процедуралары жеделдетілді.

Қазақстан халқына жоғары технологиялық медициналық көмектің 80 түрі қолжетімді. Олардың ішінде - ағзаларды трансплантациялау, кардиохирургиялық, нейрохирургиялық, жалпы хирургиялық және басқа да медициналық көмектер. Сондай-ақ ел азаматтары үшін ядролық медицина орталықтары жұмыс істейді.

Қазақстан
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: