Шымкенттік шенеунік жалған анықтама беріп, пара алғаны үшін сотталды

Арал-Сырдария облысаралық бассейіндік балық шаруашылығы инспекциясы басшысының орынбасары үш жылға сотталды. Ол жалған анықтама беріп, 300 мың теңге пара алған, деп хабарлайды Zakon.kz.

Шымкенттің қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотының хабарлауынша, сотталушы О.-ға қатысты қылмыстық іс жалпы тәртіппен қаралды. Сот отырысы ашық түрде, сотталушының, қорғаушының, мемлекеттік айыптаушының қатысуымен жүргізілді.

Сотталушы О. ҚК-нің 366-бабы 2-бөлігімен /қызметтік өкілеттігіне кіретін пара берушінің пайдасына жасаған әрекеті үшін айтарлықтай мөлшерде жеке өзі пара алу/ айыпталған.


"Істі қарау нәтижесінде О. "Қазақстан Республикасы Экология, геология, және табиғи ресурстар министрлігі Балық шаруашылығы Комитеті Арал-Сырдария облысаралық бассейіндік балық шаруашылығы инспекциясы" республикалық мемлекеттік мекемесі басшысының орынбасары, лауазымды адам бола тұра, өзінің қызметтік өкілеттігіне кіретін пара берушінің пайдасына жасаған әрекеті үшін жеке өзі айтарлықтай мөлшерде пара алу мақсатында, қызметтік кабинетінде куә Т.-дан 300 000 /үш жүз мың/ теңгені "Балықтың қайдан ауланғандығы туралы" анықтаманы бергені үшін алған". Шымкенттің қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты

Сотталушының тағылған айып бойынша кінәсі іс бойынша жинақталған құжаттармен дәлелденеді.

Мемлекеттік айыптаушы сотталушыға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады. Қорғау тарапы сотталушыны кінәсіз деп танып ақтауды сұрады. Сотталушы айыптау бойынша кінәсін мойындамай, өзін ақтауды сұрады.

О. ҚК-нің 366-бабы 2-бөлігімен қылмыстық құқық бұзушылықты жасағаны бойынша кінәлі деп танылып, оған 3 жыл 9 айға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Сотталғанға мемлекеттік қызметте және мемлекеттік ұйымдарда лауазымдарды атқаруға өмір бойына тыйым салынды.

Үкім заңды күшіне енбеді.

Шымкент
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: