Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаевтың айтуынша, киік мүйізі шығыс елдерінде, негізінен Қытайда кейбір дәрілерге қоспа ретінде пайдаланылады.
"Бүгінгі таңда біз киік мүйіздерін экспорттай алмай отырмыз. CITES халықаралық ұйымы жеке жануарлардың, соның ішінде киіктердің бөлшектері мен дериваттарын экспорттауға тыйым салып, нөлдік квота енгізді. Бүгінде біз келіссөздер жүргізіп жатырмыз, қазір комитет төрағасының орынбасары Женевадағы халықаралық CITES ұйымының орталық кеңсесінде, Жануарлар әлемі комитетінде ақбөкен дериваттарын экспорттауға тыйым салуды алып тастау мәселесін талқылап жатыр. Рұқсат алудың болжамды мерзімі – 2025 жылдың басы". Ерлан Нысанбаев
Оның айтуынша, бүгінде киіктердің санын реттеу кезінде алынған мүйіздің барлығы таңбаланып, "Охотзоопром" кәсіпорнының арнайы үй-жайларында сақтаулы тұр.
"Қазір киік мүйіздері сатылып жатқан жоқ, бірақ болашақта біз киік мүйізін сыртқы нарыққа сатуды жоспарлап отырмыз". Ерлан Нысанбаев
Таяуда Экология және табиғи ресурстар министрлігі Жануарлар дүниесін пайдалануға рұқсат беру қағидаларына өзгерістер дайындады. Ережеге дериваттарды (мүйіздерді) қоспағанда белгіленген аңшылық алқаптардың аумағында киіктерді әуесқойлықпен (спорттық) аулауға рұқсат беру қосылды. Оның үстіне ол бөлінген квота бойынша жүзеге асады.