"Біз көптен күткен қарақуларымыз екі ай бұрын 2 балапан басып шығарған болатын. Балапандар жұмыртқадан аман сау шығып, қазіргі таңда жағдайлары өте жақсы. Туылғаннан кейін балапандарды қарау өте қызықты болды. Олар өз ата-аналарының кішкентай көшірмелері. Туылған балапандарының түсі сұр болып, өсе келе қара түске айналады. Қарақулар да сондай адал құс. Ұяларын аталығы пен аналығы жасайды. Олар балапандарын бірге шығарып, балапандар ұяда бірнеше сағат қана күш жинап болған соң, ата-аналары оларды су тоғандарына шығарады". Шымкент хайуанаттар бағының баспасөз қызметі
Бұл құстар Аустралия аумағында және Тасмания аралдарында мекен етеді. Аустралиялықтардың ең сүйікті құстарының бірі саналады. Олар әртүрлі су қоймаларында, соның ішінде көлдерде, өзендерде өмір сүреді, су өсімдіктерімен, кейде жәндіктермен қоректенеді. Құстардың қанаттары күшті және жақсы ұшатынына қарамастан, олар қыста жылы жаққа қоныс аудармай, әдеттегі орындарында қыстайды.
"Көптеген адамдарды "Қарақулар мен Аққулардың айырмашылығы неде?" деген сұрақ қызықтырады. Аққулар мен қарақулардың негізгі айырмашылығы қауырсынының түсі мен сыртқы түрінде: аққулардың қауырсындары ақ, ал қарақулардың қауырсындары қара, тұмсықтары қанық қызыл тұмсығының ұшы ақшыл болып келеді. Оның атауын беретін осы түс айырмашылығы. Қарақулардың мойыны ұзын және иілгіш, жүзу кезінде жиі ұзарады. Қарақулардың қанаттарының астында ақ қауырсындары бар, оны қанаттарын қаққанда байқауға болады". Шымкент хайуанаттар бағының баспасөз қызметі
Жұмыртқаны жарып шыққан қарақу балапандарының видеосын мына арадан көре аласыздар.