Соның есебінен Қазақстанда барлығы 236,7 мың отбасының тұрғын үй жағдайын жақсартып, баспаналы болу мәселесін шешудің мүмкіндігі тумақ. Осы кезеңде өндірістік ғимараттар мен әлеуметтік нысандардың қатары да айтарлықтай көбейеді.
Осыған орай құрылыс жұмыстарының көлемі едәуір ұлғайып, Тараз қаласында да біршама нысанның құрылысы басталған болатын. Әрине, мұны құптарлық қадам, жақсылықтың нышаны ретінде бағалаймыз. Десек те бұл салада кемшіліктер мен олқы тұстардың да табылатынын және олардың аз емесін ашық айтқанымыз ләзім.
Олай деуге мемлекеттен қаражаты бөлініп, аяқталу мерзімі бекітілген нысандардың уақытылы пайдалануға берілмеуі себеп болып отыр. Өкінішке қарай, жосықсыз мердігерлердің жұмысына немқұрайлы қарауы мен тікелей міндеттерін өз деңгейінде орындамауы жылдық жоспарды кешіктіріп, талай іске тұсау салып отыр.
Мұндай нысандар Тараз қаласында да баршылық. Мәселен, "Тектұрмас" тарихи-этнографиялық кешеніндегі "Ежелгі бекініс" ғимаратының құрылысы 2022 жылдың сәуір айында басталған. Мердігер "Нұр Тұрсын" ЖШС-мен 655 млн теңгеге келісім шарт жасалып, оған сәйкес құрылыс жұмыстары ағымдағы жылдың 30 қыркүйегіне дейін аяқталуы қажет болатын. Алайда мердігер келісімде көрсетілген талаптарды орындамай, нысанның құрылыс-монтаждау жұмыстарының 45 пайызын ғана жүргізген. Жалпы соманың 303,7 млн теңгесін игерген құрылыс компаниясының өндірістік кестеден артта қалуына байланысты ескерту хат жолданғанымен, жұмыс алға жылжымаған. Осыған орай тапсырыс беруші тарап сотқа талап арыз жіберген.
Ең қиыны, жауапсыз құрылысшылардың кесірінен тұрғын үй кезегінде тұрған, кезегі келіп, көптен күткен баспанасына қол жеткізуге бір қадам ғана қалған тұрғындар зардап шегуде. Мысалы, шаһардағы Ы.Сүлейменов көшесінің соңындағы тұрғын алқапта 80 пәтерлі тұрғын үйдің іргесі қаланғанына 3 жылға жуық уақыт өткен. 774,6 млн теңгеге келісім жасасып, оның 320 млн теңгесін жұмсап үлгерген мердігер "Вилена" ЖШС бұл уақыт ішінде құрылыс-монтаждау жұмыстарының 30 пайызын ғана жүргізген. Осыған Жамбыл облысы мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотына талап арыз беріліп, сот шешімі бойынша тұрғын үйдің құрылысын биылғы 30 қыркүйекке дейін аяқтауға мүмкіндік берілген. Алайда мердігер бұл мүмкіндікті де пайдаланбай, жұмысын аяқтамай отыр.
Ал "Бином" ЖШС жалпы саны 7 нысанның құрылысын мойнына алып, әлі күнге дейін мәресіне жеткізбеген. Тапсырыс беруші мен мердігер арасында жасалған келісімге сәйкес, бұл нысандар 2022 жылдың желтоқсан айында тапсыру қажет болған. Дегенмен 2022 жылдың желтоқсан айында 100 пайыз толығымен қаражат төленген. Осыған орай қалалық құрылыс бөлімі тарапынан "Бином" ЖШС келісім шарттардың талаптарын сақтамағаны үшін Жамбыл облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотына талап-арыз берген. Сот шешімі бойынша "Бином" ЖШС-нен айыппұл сомасын өндіру туралы талап қоюы ішінара қанағаттандырылып, айыппұл төлеуге шешім шығарылды. Бүгінгі таңда аталған 7 нысан осы уақытқа дейін аяқталмауына байланысты орындалмаған жұмыстары актісі әзірленіп, мердігерге ескерту хат жолданған. Сонымен қатар аталған жұмыстарды қыркүйек айының соңына дейін орындамауына байланысты сотқа талап арыз берілген.
Осылайша жосықсыз мердігерлер жоспарлы жүмыстың жүйелі жүруіне жауапсыздық танытулары арқылы кедергі келтіріп отыр. Қазақ "Көтере алмайтын шоқпарды беліңе байлама" дейді. Қолынан келмейтін іске араласып, тәп-тәуір тірлікті талапайға салатын мұндай құрылыс компанияларының ісін майшаммен қарау керек-ақ. Осыларды тезге салып, айтылған сын-ескертпелерден тиісінше қорытынды шығарып, мінін түзетпейтін болса, олардан тезірек құтылудың амалын ойластырып, мәселені біржақты ететін мезгіл жетті.