Қаланың сән-салтанатынан бөлек, қатынастың қолайлылығы мен тұрғындардың қауіпсіздігі және көлік қозғалысының икемділігі де жайлы жолдың арқасында болары анық.
Бұл ретте Таразда толайым тірлік атқарылуда деп толық сеніммен айтуға болады. Мәселен, шаһардағы "Бурыл" тұрғын алқабына асфальт жол жабындысын төсеу жұмыстары қарқынды жүруде. Аталған жауапты іске мердігер ретінде "Арайстроймаркет-2003" ЖШС бекітілген. Алқап жолдарын асфальттауды осы жылдың маусымында бастаған құрылыс компаниясы 33,7 шақырым жолға, яғни алқаптағы 75 көшеге сапалы жол жабындысын төсеуі қажет. Бүгінгі Саду Шәкіров, Қасымбеков, Молдағалиев көшелеріне 2 қабат асфальт жол жабындысы төселіп, құдық қақпақтары қойылып, жұмыстар толығымен аяқталды. Жоба бойынша қалған сома қаражаты келер жылға қарастырылып, нысанның құрылыс-монтаждау жұмыстарын 2024 жылы толық аяқтау жоспарлануда.
Сурет: Тараз қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі
Сондай-ақ "Барысхан" тұрғын алқабына асфальт жол жабындысын төсеу жұмыстары да басталып кеткен. Нысанның құрылыс-монтаждау жұмыстарына Ұлттық қордан 100,0 млн теңге, облыстық бюджеттен 11,1 млн теңге бөлінген. Мердігер мекеме "UNISERV" ЖШС жалпы ұзындығы 16,2 километрді құрайтын 24 көшені асфальттау жұмыстарына қыркүйек айының ортасында кірісіп кеткен.
Биылға бөлінген қаражатқа қоғамдық көлік жүретін 2 көше асфальтталуда. Сонымен қатар алқап тұрғындарымен кездесу нәтижесінде Құрманбетов көшесінің жол жабындысы 6 метрден 8 метрге ұзартылып, жаяу жүргіншілер жолы мен бордюр қойылған.