Маңғыстау облысында 100 мыңнан астам жол ережесін бұзу дерегі анықталды

Маңғыстауда автоматты түрде жұмыс істейтін арнайы техникалық құралдардың көмегімен 100 мыңнан астам жол ережесін бұзу дерегі анықталды.

Маңғыстау облысында жол-көлік оқиғасының алдын алу және болдырмау мақсатында бірқатар шаралар қабылданып келеді. Жол апаттары көп жағдайда жылдамдықты асырып көлік басқаратын жүргізушілердің кесірінен болып жатады.

Өңірімізде көлік жылдамдығын шамадын тыс асырған жүргізушілерді анықтайтын автоматты түрде жұмыс істейтін арнайы техникалық үш құрал бар.

Олар: "Сергек" бейнебақылау камерасы, патрульдік автокөліктердің төбесіне орналастырылған "Кибер-шериф" құралы және жолдарда тұратын жылдамдық өлшегіш құрал "Скат-П". Жыл басынан бастап есептегенде, "Кибер-шериф" құралымен облыс бойынша 24124 әкімшілік құқық бұзушылық анықталып, ол бойынша 429 млн 974 мың 679 теңге айыппұл салынды.

Ал "Скат-П" құралы арқылы 3549 әкімшілік құқық бұзушылық анықталып, ол бойынша 93 млн 201 мың 750 теңге айыппұл салынды. "Сергек" бейнеабақылау камералары шілде айында іске қосылып, өз жұмысын бастаған болатын.

Төрт ай ішінде 83257 жол қозғалысы ережелерін бұзу дерегі тіркелді. Бұл құрал бойынша салынған жалпы айыппұлдың мөлшері – 838 млн 893 мың 375 теңге.

Маңғыстау облысы полиция департаменті жол қозғалысы қатысушыларын жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға шақырады. Жүргізушілерге жылдамдықты шамадан тыс асырмауды ескертеді.

Қазақстан
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: