Бүгін Міржақып Дулатұлының туған күні

Қазақтың аса көрнекті ағартушысы, қоғам қайраткері, ақын, жазушы, жалынды көсемсөз шебері, либералды-демократияшыл зиялылардың бірі Міржақып Дулатұлы 1885 жылы 25 қарашада Торғай өңірінде дүниеге келген, деп хабарлайды Zakon.kz.

Міржақып 1897-1902 жылдары ұлы ағартушы Ыбырай Алтынсарин іргетасын қалаған Торғай қаласындағы уездік орыс-қазақ мектебінің түлегі Мұқан мұғалімнен орысша дәріс алады. 1904 жылы Міржақып Омбы қаласына келіп, ұлт зиялыларының ұстазы Ахмет Байтұрсынұлымен кездеседі. Бұдан кейінгі уақытта олар бірге болады. 1905 жылы Міржақып Ахмет Байтұрсынұлымен бipre Қарқаралыдағы саяси-бұқаралық жұмыстарға қатысады. 1905 жылы патша өкіметіне қазақ халкының атынан петиция жазушылардың қатарында болады. 1906 жылы Петербургке барып, саяси күрескер ғана емес, шабытты ақын болып оралады. 

1907 жылы Петербургте шыққан "Серке" газетіне "Жастарға" деген өлеңін, бүркеншік атпен "Біздің мақсатымыз" деген мақала жариялайды. Мақалада Міржақып қазақ халқының басындағы қиын жағдайдың анық себептерін саралап, отарлық саясатты әшкерелейді. Патша өкіметі мақала авторын тұтқындамақ болғанмен, бүркеншік аттың иесін таба алмайды. 1909 жылы Петербургте М. Дулатұлының "Оян, қазақ!" атты өлеңдер жинағы жарық көреді. Бұл кітап та патша әкімшілігінің қуғындауына ұшырайды.

1913 жылы ол Ахмет Байтұрсынұлымен бipre "Қазақ" газетін шығарады. 1920 жылы Ташкентке келіп, сондағы “Ақ жол" газетінде қызмет атқарады. 1922 жылы жазықсыз қамауға алынады. Түрмеден шыққан соң, 1922-1926 жылы Орынбордағы ағарту институтында оқытушы болады. 1928 жылдың аяғында бip топ қазақ зиялыларымен бipre қамауға алынады да, 10 жылға сотталып, 1935 жылы тұтқында қайтыс болады.

Міржақып Дулатұлы — әдебиеттің әр түрлі жанрына қалам тартқан қаламгер. Алғашқы кітабы — "Оян, қазақ!" деген атпен Петербург қаласындағы жарық көрген өлең жинағы. Одан кейін 1913 жылы Орынборда "Азамат", ал 1915 жылы "Терме" атты өлеңдер кітаптары басылып шығады. Ақын өлеңдерінің басты тақырыбы — ел тағдыры болды. Алғашқы кітабы "Оян, қазақ!" жұртшылық арасында ауыздан-ауызға, қолдан-қолға тез тарап кетеді. Қайта басылады. Кітаптың нeгiзгi мазмұны халықты оятуға, әділетсіздікпен күресуге шақырған өлеңдер құрады. Сол себепті де кітап тұтқындалып, авторы қуғынға ұшырайды. Міржақып Дулатұлы:

Алыстан Алаш десе аттанамын,

Қазақты қазақ десе мақтанамын.

Болғанда әкем қазақ, шешем қазақ

- Мен неге, қазақтықтан сақтанамын?!

Айта кетсек, 2023 жылы күзде Міржақып Дулатұлы туралы түсірілген "Оян, қазақ" фильмі көп уақытқа дейін прокаттан түспей, көрермендер тарапынан үлкен сұранысқа ие болды.

Қазақстан
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: