IT мамандары қанша табады және олар әлі де сұраныста ма

Халық арасында айтишниктердің миллиондап ақша табатыны туралы әңгімені жиі естиміз. Бұл еліміздегі ең көп сұранысқа ие мамандықтардың бірі екені белгілі.

HeadHunter Kazakhstan қызметінің маркетинг жөніндегі директоры IT мамандарының расында қанша ақша табатынын, сондай-ақ Қазақстанның еңбек нарығы қалай өзгеріп жатқанын айтып берді.

Жалпы, HeadHunter-де орналастырылған барлық бос жұмыс орындарының шамамен 6%-ын IT бойынша вакансиялар құрады. 2023 жылы – 28 мың, бұл өткен жылмен салыстырғанда 16%-ға көп. Ақпараттық технологиялар, қаржы, бөлшек сауда секторларындағы компаниялардың IT-мамандарды көбірек қажет ететіні байқалады.

2023 жылы IT саласындағы бір бос орынға тек 3 жұмыс іздеуші үміткер болып отыр. Бұл аталған сала мамандарының үлкен тапшылығын көрсетеді. Қалыпты жағдайда бір бос орынға 5-7 маман үміткер болуы керек. IT мамандарының тапшылығы қатты сезілетін қалалар – Алматы, Өскемен, Қостанай, Қарағанды және Астана.

2022 жылы Қазақстан нарығында IT-секторда 772 миллиард теңгеге қызмет көрсетілді. Бұл жас сала үшін едәуір үлкен көрсеткіш. Саланың ЖІӨ-нің жалпы көлеміндегі үлесі әлі де өте аз – 3,3%. Алайда, мұндай белсенді өсіммен алдағы 5 жыл ішінде аталған үлестің 10%-ға дейін өсуі болжануда.

Халықтың IT мамандығына деген қызығушылығы өсіп келеді. Ресми түрде жұмысқа орналасқан қазақстандықтардың шамамен 19%-ы жақын арада қайта оқып, IT саласына ауысқысы келеді.

Қызығушылықтың өсуіне себеп болған негізгі факторлардың бірі – IT мамандарына миллиондаған ақша төленеді деген әңгіме. Расында да бұл салада ақша көп. Алайда, HeadHunter қызметінің деректері бойынша, ұсынылатын орташа арифметикалық жалақы – салықтарды алып тастағанда 360 мың теңге. Жұмыс берушілердің 12%-ы ғана миллион теңгеден бастап төлеуге дайын.

Айтишниктердің жалақысы оның дағдыларына, жұмыс ауқымына және бұл саладағы еңбек өтіліне байланысты. Мысалы, тағылымгерден бастаушы маманға дейінгі еңбек жолы орта есеппен 1 жылдан 2 жылға дейін болуы мүмкін.

Бір мамандықтағы жалақыдағы алшақтық тәжірибеге байланысты 90 мың теңгеден 70 мың долларға дейінгі аралықта болуы мүмкін. Тәжірибе мен жалақының өсуіне орта есеппен 5-7 жыл қажет болады. IT саласы жұмысқа сөзсіз қатысуды талап етеді және мұндағы жоғары жалақы еңбекпен өлшенеді.

Қазір көптеген HR мамандары үшін адамдарды қызметте ұстап қалу мәселесі өткір тұр. Бүгінде жұмысына қанағаттанбайтындар көбейді. Көбісі өздеріне, өз жұмыс орындарына жаңа көзқараспен қарай бастады. Адамдар жеке өмірі мен жұмыстарының арасында тепе-теңдік бар ма, жалпы жұмысы өздеріне үйлесе ме деген мәселелерге назар аударуда.

HeadHunter компаниясының өткен жылғы сауалнамаларының нәтижелеріне сәйкес, жұмысшылардың 60%-дан астамы жұмыста күйзеліске ұшырайды және оларда мотивацияның төмендеуі байқалады. Ал HR мамандары үшін мотивациясы төмендеген қызметкерді ұстап тұру өте қиын. Сондықтан компаниялар үшін өз жұмысшыларының көңіл-күйін, жұмыстағы жағдайын біліп тұру аса маңызды.

Бұл орайда, басшылар үш қарапайым қадам жасауы керек.

Бірінші қадам: өз-өзіне талдау жасау және соның арқасында, бәлкім, қабылданған шешімдерді қайта қарау. Қызметкерлерде мотивацияның төмендеуі көбінесе басқаруда кеткен қателіктердің салдары болып табылады.

Екінші қадам: басқару персоналын бағалау. Оның көптеген жолдары бар, бірақ ең бастысы – басшылардың қоластындағы жұмысшылармен қалай қарым-қатынас жасайтынын, қалай диалог жүргізетінін түсіну.

Үшінші қадам: қызметкерлермен қарым-қатынасты эмпатия мен адамгершілік негізінде құру керек. Көбінесе адамдар көшбасшылардың кәсіби қасиеттері мен құзыреттілігін ғана емес, сонымен қатар командаға қаншалықты қамқорлық жасайтынын, оны қалай тыңдайтынын бағалайды.

Көптеген басшылар негізгі мотивацияны ақша деп есептейді. Бұл, әрине, жақсы мотивация, бірақ жұмысшымен дұрыс қарым-қатынас құру аса маңызды. Себебі, кез келген компанияның басты әлеуеті – қызметкерлер.

Қазақстан
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: