Астанада үйлерінің құжаты жоқ бүтін бір ықшам аудан тұрғындары көп қызметтен қағылып келген

Елордада "Көктал-1" елдімекенінде 200-ден астам үй орналасқан "Нұр-бесік" ықшам ауданы бар. Мұнда мыңнан астам адам 2007 жылдан бері тұрып келеді. Алайда олардың 16 жылдан бері үйлеріне құқық белгілейтін құжаттары болмаған, деп хабарлайды Zakon.kz.
"Сол себепті тұрақты тіркеуі жоқ олардың емдеу мекемелеріне тіркелуіне, балаларын балабақшаға, мектепке және т.б. беруіне мүмкіндіктері болмаған. Олар достары мен туыстарының үйлеріне тіркелуге мәжбүр болған", деп жазады Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек Instagram-дағы парақшасында "Нұр-бесік" ықшам ауданының мәселесі туралы.

Әкім бүгінгі таңда аталған мәселе өз шешімін тауып жатқанын жеткізді.

"Нұр-бесік" ықшам ауданының тұрғындары жер учаскелерін заңдастыру мәселесін бізбен өткен кездесулерде бірнеше рет көтерді. Бұл бағытта ауқымды жұмыс атқарылып, техникалық мәселелердің бәрі шешілді. Қазіргі уақытта тұрғындарға құқық белгілейтін құжаттарды беру рәсімі жүріп жатыр. Енді оларды ресми түрде елорда тұрғындары деп айтуға болады және 16 жылдан кейін тіркеле алады. Ықшам ауданды абаттандырумен де айналысып жатырмыз: сумен жабдықтау, су бұру, нөсер кәрізі, электрмен жабдықтау, газбен жабдықтау және т.б. инженерлік желілердің құрылысы бойынша жұмыс аяқталды. Сол сияқты көшелерге асфальт төселді, жарықтандыру бағаналары, 3 аялдама, интернет орнатылды, т.б. Біз қаланың елдімекендерін дамытуды ары қарай жалғастырамыз", деп жазды Жеңіс Қасымбек.
Астана
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: