Депутат келтірген соңғы ақпараттарға сәйкес тоғыз айда елімізде 15 мың интернет алаяқтық тіркелген. Оның ішінде, 3 мыңнан астамы азаматтарды ресми банктердің атын жамылып алдаған.
"Осы жерде нақты сауал туындайды. Өздерінің құрығына түсіретін алаяқтар азаматтардың жеке деректерін, телефон нөмірлерін қайдан алады?! Оларға бұл деректерді кім береді? Қанша жерден адамдардың жеке деректерін заңмен қорғап, оның таралуын шектесек те, алаяқтар тоқтайтын емес", – дейді Қасқарауов.
"Жеке деректердің құпиялылығы ешкімде құпия болмай тұрғанын" айтқан депутат танысының басынан өткен жайтты мысал ретінде келтірді.
"Жақында бір танысым жеке компаниясын ашып, құжаттарын Егов электронды Үкіметі арқылы тіркетті. Бұл процесс ешкімнің қатысуынсыз, тек Порталда жасалды. Дегенмен, сол күні оған үш бірдей банктен қоңырау түсіп, арнайы есептік шот ашыңыз деген ұсыныс түсткен. Ал, ертесі күні заңгерлік-бухгалтерлік қызмет көрсететін жеке компания өкілдері хабарласып, өз қызметтерін ұсынған. Ең сорақысы, енді жеке таксопарк өкілдері тынымсыз хабарласып көлік қызметін ұсынып отыр екен".Данияр Қасқарауов
Оның айтуынша, мұның бәрі небәрі 2-3 күнде болған.
"Енді сұрақ – осы аталған мекемелер жаңадан серіктестік құрылғанын, оның басшысы кім екенін және кеше ғана ресми тіркелген кәсіпкердің жеке ұялы телефон нөмірін қайдан алып отыр? Бухгалтерлік компаниялар мен таксопарк өкілдерінің қолына түскен ақпарат алаяқтарда да жоқ дегенге кепілдік бар ма?Яғни, біздің жасаған жұмыстарымыздың нәтижесіз екені айқын көрініп тұр. Осы ретте, аталған мәселе бойынша дер кезінде шара қабылдауларыңызды сұраймыз.Жеке деректерді қорғай алмасақ, елді қалай қорғаймыз?!", – дейді депутат.
2023 жылғы 23 қараша күні ПРАВМЕДИАДА өткен тікелей эфирде ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің бас маманы Мұхамед Бағдатұлы қаржылық алаяқтықтың түрлеріне жеке тоқталып, одан сақтану жолдарын түсіндіріп өтті.