Жаңалықтар тізбегі
0

Алаяқтықтан қалай сақтанамыз - маман кеңесі мен ескертпесі

, сурет - Zakon.kz жаңалық 23.11.2023 10:42
Бүгінгі таңда қазақ қоғамында қаржылық алаяқтық кеңінен белең алып келеді. Осы орайда Отбасы банк пен Zakon.kz желілік басылымы өзіңіз бен жақындарыңызды, сонымен қатар жинаған ақшаңызды адал емес әрекеттерден қалай қорғауға болатыны жайында арнайы жобаны іске қосты.

Алаяқтықпен күрес саласындағы ең өзекті сұрақтарға жауаптарды "Алаяқтардан сақ болыңыз" sp.zakon.kz арнайы парақшасына өтіп, таба аласыз. 

Бүгін ПРАВМЕДИАДА өткен тікелей эфирде ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің бас маманы Мұхамед Бағдатұлы қаржылық алаяқтықтың түрлеріне жеке тоқталып, одан сақтану жолдарын түсіндіріп өтті.

Сарапшының айтуынша, ҚР Ішкі істер органдарының қазан айындағы көрсеткіші бойынша қаржылық алаяқтықтың 14 мыңға жуық схемасы әшкереленген.

Мұхамед Бағдатұлы соңғы кезде қаржылық алаяқтықтың вишинг, фишинг, кредит рәсімдеу, тікелей алаяқтық, инвестициялық алаяқтық, қаржы пирамидалары сынды түрлерін бөле қарастырып, алаяқтардың арбауына түспеу жолдарын айтып берді.

Вишинг

Сарапшының айтуынша, "вишинг" ағылшын тілінің "voice" және "fishing" сөздерінің қосындысынан пайда болған, яғни алаяқтық әрекет дауыс арқылы жүргізіледі. Мәселен алаяқ ішкі істер органдарынан хабарласып тұрғанын айтып, қоңырау шалып, әсіресе егде жастағы адамдарға психологиялық қысым көрсетеді.

Мұндай жағдайда алаяқ өзін банк қызметкері ретінде таныстырып, сіздің атыңызға кредит рәсімделгелі жатқанын айтып, банк картасындағы барлық мәліметтерді сұрап алады. Соңында телефонға СМС код келетінін айтады, бұл СМС код – сіздің атыңызға кредит рәсімдеуді мақұлдайтын код деген сөз. Барлық мәлімет алынғаннан кейін атыңызға кредит рәсімделеді, не болмаса картаңыздағы бар ақшаны шешіп алады.

"Кез келген банк болсын, ішкі істер органдары болсын, прокуратура болсын, ешқашан мәселені телефон арқылы шешпейді. Мәселе банк бөлімшесінде не болмаса прокуратурада шешілуі мүмкін. Вишингтің құрбаны болмау үшін хабарласқан адамнан аты-жөнін, қай банктен, қай бөлімшеден хабарласып тұрғанын сұрап, оған қарсы сұрақтар қою керек. Шешім қабылдау үшін ойлануға уақыт сұраңыз. Осы тұста сізге психологиялық қысым көрсетіле бастайды. Сізді асықтырады, уақыт өте тығыз екенін айтады. Бірақ сізді ешбір адам заңды мекемелерден хабарласып, асықтыруы мүмкін емес. Екіншіден, банк қызметкері сізге хабарласып, жеке дереңтеріңізді ешқашан сұрамайды. Себебі сіздің мәліметтеріңіз барлық банктің базасында көрсетіледі. Сол себепті психологиялық шабуылдың құрбаны болып, жеке деректеріңізді ешқашан ешкімге бермеңіз", – дейді Мұхамед Бағдатұлы.

Фишинг

Фишинг "қармақпен балық аулау" деген мағынаны білдіреді.

"Бұл тәсіл бойынша сізге арнайы сілтеме жібереді, сол сілтемеге өтіп адамдар барлық мәліметін жазып көрсетеді. Соңында өкінішке қарай, картасындағы бар ақшасынан айырылып қалады".Мұхамед Бағдатұлы

Осы тұста Қаржы нарығын реттеу агенттігінің маманы ресми сайтты жалған сайттардан ажырата білу керек екенін баса айтты. Компаниялардың ресми сайтының арнайы қарпі болады, сайтта барлық ақпарат көрсетіліп тұрады. Оны бірден аңғаруға болады. Қандай да бір күмән туған жағдайда, интернет браузерге көшіріп, сол компанияның сайтын ашып, ресми ақпаратты біліп алуыңызға болады.

"Жаңа жыл қарсаңында түрлі сілтемелер тарайды, оларды да абайлап ашу керек. Ол ресми компаниядан келді ме, жоқ әлде белгісіз бір компаниядан келді ме, соны міндетті түрде ажырата білуіңіз керек", – дейді Агенттік өкілі.

Кредит рәсімдеу

Мұхамед Бағдатұлы бұл тәсіл қазақ қоғамында жиі кездесетінін алға тартты. Қазақ қоғамында танысына, туысына кредит рәсімдеп беру кеңінен таралған, әсіресе туысқандардың арасында көп кездеседі. Туысының сеніміне кіріп, кредит алдырып, төлемей кетеді. Соңында кредитті өзі жабуға тура келеді.

"Ешқашан ешкімнің атына кредит рәсімдемеңіз. Өмірдің өзі көрсетіп отырғандай, түрлі жағдайлар бар, бұл заман туысқандардың өзіне сенуге болмайтын заман болды. Ішкі істер органдарының статистикасына сүйенетін болсақ, барлық деректі адам өзі беріп отыр, келген СМС кодты өзі айтып отыр, сол себепті жеме-жемге келгенде өзі кінәлі болып қалады. Қанша амалдар жасалғанымен, ақшасын толықтай қайтарып беру, алаяқтарды табу мүмкін болмай жатады. Өйткені алаяқтар басқа елдерде болуы мүмкін".Мұхамед Бағдатұлы

Тікелей алаяқтық

Қаржы нарығын реттеу агенттігі маманының сөзінше, тікелей алаяқтық жағдайында алаяқ адамға тікелей әсер етеді. Мәселен, көшеде телефоныңызды сұрауы мүмкін немесе қиын жағдайда тұрғанын айтып, психологиялық қысым көрсетеді.

Телефонды ешқашан бөтен адамға беруге болмайды. Мұндай жағдайда нөмірді сұрап алып, қажет адамға өзіңіз қоңырау шалып, екеуін телефонның даусын шығарып сөйлестіруге болады.

Инвестициялық алаяқтық

Соңғы кезде биржалық, брокерлік ұйымдар қаптап кетті, олардың лицензиясы бар-жоғын сіз ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің 1459 нөміріне хабарласып, анықтай аласыз.

"Қандай да бір инвестициялық компания қазір 100 мың теңге салып, үш айдан кейін 1 млн теңге аласыз деп, нақты кепілдік беріп отырса, ол алаяқтар болуы әбден мүмкін. Өйткені ешбір инвестиция "біраз уақыттан кейін нақты сомада мынандай пайда көресіз" деп сізге кепілдік бере алмайды. Себебі түсім түрлі инвестициялық салымдарға, мұнайдың курсына, долларға, түрлі металлдарға, алтынға байланысты болады. Оның нақты өсіміне ешкім, ешқашан кепілдік бермейді. Инвестиция салатын кезде тіпті биржаның өзі ешқашан кепілдік бермейтінін айтады".Мұхамед Бағдатұлы

Ендеше қандай жағдайда инвестиция салуға болады? Мұхамед Бағдатұлының айтуынша, артық ақшаңыз болса және сол артық ақшадан айырылып қалуға қорықпаймын дейтін болсаңыз, сол ақшаны инвестицияға салуға болады.

Қаржы пирамидалары

Қазір көптеген қаржы пирамидаларына адамдар соңғы ақшасын салып, ақшасыз қалып жатады.

"Қаржы пирамидалары шарықтау шегіне жеткен кезде түрлі блогерлерді қосады, маркетингтік әрекеттерді күшейте бастайды. Себебі оларға неғұрлым көп адам жинау керек және сол ақшаны олар түбінде өзіне алып қалады", – дейді маман.

Күмәнді компанияның құрбанына айналмау үшін, қаржы пирамидасының лицензиясы бар ма, Қазақстан Республикасына заңды жұмыс істей ма, оны да ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне хабарласып, анықтап алуға болады. Алаяқтардан сақ болыңыз.

Қаржылық мониторинг агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаменті Chia Tai Tianging қаржы пирамидасының құрылымдық бөлімше басшысына қатысты тергеуді аяқтады. Қаржы пирамидасын ұйымдастырушы 200 адамды 700 миллион теңгеге алдап кеткен.

Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:
Бөлісу
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript
Жаңалықтар трендінде болыңыз!
Хабарландыруларды қосыңыз және алдымен расталған жаңалықтарды алыңыз.

Браузерде хабарландыруларды кез келген уақытта өшіруге болады

Біздің хабарландыруға жазылыңыз!
Хабарландыру қосу үшін қоңырау белгісін басыңыз
Беттегі қате туралы хабарлаңыз
Мәтіндегі қате: