Оралда жарылыс болған дәмхананы жалға алушы қамауға алынды

Оралда 2024 жылдың 4 қаңтарында жарылыс болып, үш адам қаза тапқан дәмхана үшін үйді жалға алған кәсіпкер екі айға қамауға алынды. Бұл туралы Zakon.kz тілшісіне Батыс Қазақстан облыстық сотының баспасөз қызметі хабарлады.

Орал қаласының мамандандырылған тергеу сотында 8 қаңтарда М.Уалиевке қатысты екі айға дейінгі мерзімге қамауға алуды санкциялау туралы материал қаралды. Ол Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 292-бабы ("Өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзу") 3-бөлігінде көзделген қылмыстық құқық бұзушылықты жасады деген күдікке ілінген.

"Тергеу судьясы қылмыстық құқық бұзушылықтың сипатын және оның салдарын ескере отырып, күдікті Уалиев М.-ға қатысты екі айға дейінгі мерзімге "күзетпен ұстау" түріндегі бұлтартпау шарасын тағайындады". Батыс Қазақстан облыстық сотының баспасөз қызметі

Оралда 2024 жылдың 4 қаңтарына қараған түні газ жарылуы салдарынан "Rizyq" дәмханасының екі қабатты ғимараты опырылып құлады. Оқиға орнынан екі адамның мәйіті табылды, бесеуі түрлі жарақаттармен ауруханаға жеткізілді. Одан кейін құтқарушылардың жарылыс болған жерден үшінші құрбанның денесін тапқаны белгілі болды.

6 қаңтарда Оралдағы ғимараттардың бірінде дәмхана үшін орын жалға алған кәсіпкердің жарылысқа қатысы бар деген күдікпен ұсталғаны белгілі болды.


Қазақстан
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: