Бельгияға соңғы он жылда жаумаған қалың қар түсіп, көлік қозғалысын қиындатты

Солтүстік Еуропаның салқыны Батыс Еуропа елдеріне жетті. Бельгияға соңғы он жылда жаумаған қалың қар түсіп, көлік қозғалысын қиындатты.

Ауа райының қолайсыздығынан оқу орындары жабылып, әуе, теміржол рейстері кейінге шегерілді.

Брюссельде қардың қалыңдығы 10 см-ге, ал елдің өзге аймақтарында 25 см-ге жетті, деп жазады qazaqstan.tv.

Табиғаттың тосын сыйына жасы да жасамысы да дән риза. Мұндай қыс соңғы он жылда болмаған.

Қатты қуанып тұрмын. Күн суық. Бірақ осындай нағыз қыс болғаны жақсы. Ауадағы микробтарды өлтіреді. Ауру-сырқау азаяды. Диан Мотье, Брюссель Қаласының Тұрғыны

Толассыз жауған қар коммуналдық қызмет пен көлік жүргізушілерін біраз әбігерге салды. Жолға тонналап тұз сепкенмен, көктайғақ қозғалысты қиындатты.

Жолдар көк мұз. Мұндай кезде жүру қауіпті болған соң, көлігімді тұраққа қалдырып, жаяу жүруге шешім қабылдадым. Бельгияда қыс болмайды деп көлігімнің дөңгелегін ауыстырмап едім. Матиас Деверн, Брюссель қаласының тұрғыны

Ауа райының қолайсыздығынан қаларалық, халықаралық әуе рейстері кешігіп, тіпті біразы кейінге шегерілді. Пойыздар да жылдамдықты азайтты. Қоғамдық көліктердің де үштен екісі тоқтады. Елдің бірқатар мектептерінде, жоғарғы оқу орынарында сабақ болмады. Күндіз термометр қазір -2-ні көрсетіп тұр. Қалың қардың ызғары әлі бірнеше күн сақталатынын айтқан синоптиктер тұрғындарға мейлінше сақ болуды ескертеді.

АҚШ
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: