Beef Export Group ЖШС директорының басшылығы ұйымдастырған топқа қатысты тергеу аяқталды

ҚМА Қостанай облысы бойынша департаменті Beef Export Group ЖШС ет өңдеу кәсіпорны директорының басшылығы ұйымдастырған топқа қатысты қылмыстық іс бойынша сотқа дейінгі тергеуді аяқтады, деп хабарлайды Zakon.kz.

Аталған адамдар тобы ұзақ уақыт бойы "ҚР агроөнеркәсіптік кешенін дамыту" ұлттық жобасын іске асыру шеңберінде мемлекет субсидия ретінде бөлген бюджет қаражатын ұрлаумен айналысып, мемлекетке 3 млрд теңгеден астам шығын келтірген.

"Сотқа дейінгі тергеу барысында күдіктілер 107 млн теңге өтеліп, 3,1 млрд теңге мүлкіне тыйым салынды. Қылмыстық схемаға 49 адам тартылған, олардың 13-і - ұйымдасқан топтың мүшесі, оларға субсидияларды жымқыру, салық төлеуден жалтару, заңсыз кәсіпкерлік қызмет, қылмыстық жолмен алынған мүлікті заңдастыру, лауазымды тұлғаларға пара беру және құжаттарды қолдан жасау бойынша айып тағылып жатыр". Қаржылық мониторинг агенттігі

Ал ұйымдасқан топтың басшысы өзінің бақылауындағы компанияның қызметіне салықтық тексеру жүргізген мемлекеттік қызметшіге қатысты зорлық-зомбылық әрекеттерін жасады деген күдікке ілінді.

Сондай-ақ, Қостанай, Ақтөбе, Солтүстік Қазақстан, Павлодар және Батыс Қазақстан облыстарының 30 шаруа қожалықтарының басшылары мен өкілдері іс бойынша күдікті деп танылды.


"Бұдан басқа, сотқа дейінгі тергеп-тексеру шеңберінде "Қостанай облысы әкімдігінің ауыл шаруашылығы басқармасы" мемлекеттік мекемесінің үш лауазымды тұлғасына ақша қаражатын ұрлауға және пара алуға жәрдемдесті деген күдікке ілінді. Ветеринарлық жеті дәрігерге құжаттарды қолдан жасағаны, ақпараттық жүйеге көрінеу жалған ақпарат енгізгені, сондай-ақ заңсыз сыйақылар алғаны үшін айып тағылды". Қаржылық мониторинг агенттігі

Қазіргі уақытта қылмыстық іс материалдарымен танысу жүргізіліп жатыр.

Қазақстан
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: