"Нақты секторда (материалдық және материалдық емес тауарлар мен қызметтерді өндіретін экономика секторларының жиынтығы – ред.) оң динамика байқалады, нақты секторда өсім 5,1%, қызмет көрсету саласында – 3,5% болды. Салалардың ішінде құрылыс, ақпарат және коммуникациялар, көлік және қойма шаруашылығы, сондай-ақ өңдеу өнеркәсібі ең жоғары өсімге ие. Негізгі капиталға инвестицияның өсімі ағымдағы жылдың қаңтарындағы 0,6 пайыздан 7,9 пайызды құрады", - деді министр.
Оның айтуынша, өңдеу өнеркәсібі өсу қарқынының жеделдеуін көрсетуде. Өндіріс көлемі 7,4%-ға өсті. Өңдеу өнеркәсібі салаларында машина жасау өндірісінің өсуі 23%-ға, оның ішінде автомобиль өнеркәсібінде – 21%-ға және электр жабдықтарын өндіруде – 45%-ға қамтамасыз етілді.
Бұдан басқа, келесі салаларда өсім байқалды: металлургия өндірісі – 11%-ға, химия өнеркәсібі – 25%-ға, металл бұйымдары – 24%-ға, құрылыс материалдары – 1,4%-ға, жеңіл өнеркәсіп – 2,3%-ға және жиһаз өндірісі – 23%-ға.
Тау-кен өндірісі 1,9%-ға өсті. Бұл ретте металл кендерін өндіру 7,2%-ға, газ – 1,2%-ға, мұнай – 0,4%-ға, басқа да пайдалы қазбаларды өндіру – 2,9%-ға өсті. Көмір өндіру 4,1%-ға төмендеді.
ҰЭМ басшысы бұл ретте Ұлытау, Маңғыстау және Атырау облыстарында, сондай-ақ Алматы қаласында тұрғын үйлерді пайдалануға беру айтарлықтай төмендегенін атап өтті.
Ағымдағы жылдың ақпан айында Ұлттық экономика вице-министрі Тимур Жақсылықов Дүниежүзілік банктің Қазақстан экономикасы туралы зерттеуіне түсініктеме берді, онда онжылдық (2012-2022 жылдар) бүкіл ел экономикасы үшін жоғалған деп саналады.