"Мұндайға сенбеуші едім...". Жаяу тамақ тасып, курьер болып жүрген жігітке тосын сый жасалды

Алматыда жаяу тамақ тасып, курьер жұмысын атқарып жүрген жас жігітке жергілікті кәсіпкер мопед сыйлады, деп хабарлайды Zakon.kz.

Рамазан айындағы күтпеген оқиғаның видеосын алматылық кәсіпкер Алмасбек Батыр Instagram-дағы парақшасында жариялады.

Кәсіпкер өзіне көмектескен курьер жігітке мопед сыйлауға бел шешкенін айтады. Шақырту бойынша кәсіпкер үйіне келген курьерге: "Қатты ауырып тұрмын, дәріге ақша берші" деп сұрайды. Басында курьер жігіт: "Несием бар, ақшаны соған жұмсауым керек" дегенімен, бірден есікті қайта қағады. Кәсіпкер одан неге райынан қайтқанын сұрайды.

"Рамазан айы ғой, көмектесейін дедім", - дейді ол. Сол кезде кәсіпкер: "Жақсылық жақсылықпен қайтады" деп оны су жаңа мопедтің жанына ертіп келіп, қолына кілт ұстатады. 

"Менің өмірімде мұндай жағдай бірінші рет болып тұр. Мұндайларға сенбеуші едім. "Қойылым, өтірік" деп. Курьер жұмысына үшінші рет шыққан едім, үшіншісінде міне, осындай тосын сыйға тап болып тұрмын", - дейді таң-тамаша жас жігіт видеода.
Алматы
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: