Су басқан өңірлерде қанша волонтер жүр

7 сәуірде республикалық ақпараттық штабта өткен брифинг барысында ҚР МАМ Азаматтық қоғам істері комитетінің төрайымы Гүлбара Сұлтанова волонтерлардың жұмысы және су тасқынынан зардап шеккендерге гуманитарлық көмек жинау жұмыстары қалай жүргізіліп жатқанын айтты, деп хабарлайды Zakon.kz.

Оның айтуынша, еліміздің 13 өңірінде гуманитарлық көмек жинау пункттері ашылды. Атап айтқанда, Астана, Алматы, Шымкент қалаларында және Атырау, Ақтөбе, Ақмола, Алматы, Қостанай, Батыс Қазақстан, Манғыстау, Павлодар, Солтүстік Қазақстан және Түркістан облыстарында.

Сондай-ақ ресми өкіл гуманитарлық көмек жинау алгоритмдерін түсіндіру үшін жедел топ құрылғанын да  жеткізді. Ал олар WhatsApp мессенджерінде бірыңғай чат бойынша жұмыс істеуде. 

"Бүгін елімізде су тасқынына қарсы іс-шаралар жүргізіліп, волонтерлер да оған белсенді ат салысуда. Су тасқынының алғашқы күндерінен бастап министрлік Ұлттық волонтерлік желімен және волонтерлік ұйымдармен бірлесіп "Күшіміз бірлік" акциясын жариялады. Қазіргі уақытта барлық өңірлерде волонтерлердің фронт-офистерінің базасында волонтерлік штабтары құрылып, 20 мыңнан астам волонтерлер тартылды". ҚР МАМ Азаматтық қоғам істері комитетінің төрайымы Гүлбара Сұлтанова

Сондай-ақ ол бірыңғай байланыс орталығы ашылып (+7 708 706 4242), зардап шеккендерге көмек көрсету мақсатында волонтерлерді үйлестіру және бөлу үшін аймақтық байланыс орталықтары құрылғанын жеткізді.


"Волонтерлердің өңірлік Төтенше жағдайлар департаменттерімен өзара іс-қимыл алгоритмі әзірленді. Волонтерлер су басқан аумақтардан азаматтарды эвакуациялау жұмыстарын жүргізіп, зардап шеккен азаматтарға алғашқы көмек көрсетіп, азық-түлік пен қажетті заттарды жеткізуге, сондай-ақ гуманитарлық көмек жинау жұмыстарына қатысуда. Сонымен қатар, әр өңірде медиаволонтерлер жұмыс істейді, олар өңірдегі су тасқыны жағдайы туралы халықты хабардар етеді", - дейді ол.

Айта кетсек, бұған дейін су басқан өңірлер бойынша Денсаулық сақтау министрі және ҚР ІІМ өкілі есеп берген болатын.

Қазақстан
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: