Білім министрлігінің ресми өкілі Мереке Амангелдіқызының мәліметінше, 20 мыңға жуық білім беру қызметкерлері су тасқынына қарсы іс-шараларға еріктілер ретінде қатысуда, оның ішінде 10 мыңнан астамы эвакуация пункттерінде қызметте.
"Салалық келісімге сәйкес, ТЖ қолданылу кезеңінде білім беру қызметкерлерінің жалақысын есептеу ТЖ енгізілгенге дейін белгіленген мөлшерде жүргізіледі. Сонымен қатар, мұғалімдерді қолдау мәселесі пысықталуда. Төтенше жағдай жарияланған өңірлерде педагогтерді аттестаттаудан өту күндері кейінгі мерзімге ауыстырылады", - деп түсіндірді Мереке Амангелдіқызы.
Оның айтуынша, бүгінгі таңда 3 мыңға жуық бала уақытша орналастыру пункттерінде. Олар үшін психологиялық қызметтердің жұмысы ұйымдастырылды, сондай-ақ барлық балалар қашықтықтан оқыту үшін қажетті мектеп құралдарымен және техникалық құралдармен қамтамасыз етілді.
"Республикалық маңызы бар инновациялық мектеп-лицейлердің жатақханаларында оқу процесін ұйымдастыра отырып, балаларды орналастыру ұйымдастырылатын болады. Маңғыстау облысының қосымша 28 білім беру ұйымы Атырау облысының Құлсары қаласынан эвакуацияланған тұрғындарды қабылдайды. Су тасқыны жағдайы байқалатын өңірлерде барлығы 127 білім беру нысаны тұрғындарды уақытша орналастыру пункттері ретінде танылды.", - деп толықтырды Мереке Амангелдіқызы.
Айта кетейік, 8 сәуірде Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаевты қабылдады және оған табиғи апат салдарынан қираған тұрғын үйді шұғыл түрде қалпына келтіруді тапсырды.