Жайықтың қазіргі деңгейі 737 см. Жалпы салыстыру үшін, су деңгейі қыста өз арнасында 133 см болған. Содан бері, мінекей, 6 метрге көтеріліп, мына біз тұрған жағалауды су басты, деп жазады qazaqstan.tv.
Қазір шаһарда бөгеттерді биіктету күшейтілді. Жұмыс күні-түні жүріп жатыр. Саяжайлардағы 830 үйді су басты. Бірақ тұрғындар алдын ала эвакуацияланды. Жалпы Жайықтың жағасындағы бау-бақша серіктестіктерінде 5 мыңдай адам тұрып жатыр.
Әлі де ондаған саяжайды су басу қаупі бар. Өзендегі су келуін бақылау үшін 6 жерге арнайы күзет қойылды. Шаһардағы 14 эвакуациялық орталықта 1600-дей адам тұрып жатыр. Олардың жартысына жуығы - бала. Қауіп күшейген уақытта 2500 орын резервте бар.
"Осал жерлеріміз бұл - қаланың ортасы, Курени, Коминтерн және осы жерлер. Осы бағытта 5 жерде жұмыстар жүргізіліп жатыр. Қаланың ең жоғарғы жағы - Желаев, Ет комбинаты, Ремзавод - ол жақтарда отметка 36 метр. Ең аласа жақтарында - 32, 33 метр. Осыларды ұлғайтып жатырмыз." Миржан Сатқанов, қала әкімі
Жалпы облыс бойынша 1200-ге жуық үй су астында қалды, олардың жартысы - тұруға жарамсыз. Орал қаласында және 4 ауданда төтенше жағдай жарияланды.