Мамандандырылған ХҚКО қызметкері мемлекетті үш млрд теңгеге алдады

Қаржылық мониторинг агенттігі ақпараттық жүйеге көрінеу жалған ақпаратты енгізу арқылы жүк көліктерін заңсыз тіркеу мән-жайы бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру бастады,- деп хабарлайды Zakon.kz.

Ведомстваның ақпаратынша, 2022 жылдың наурыз айы мен қыркүйек айларының аралығында Қонаев қаласындағы мамандандырылған ХҚКО қызметкері 413 жүк көлігінің бастапқы тіркеуін жүргізу барысында көлік құралдарының санатына қатысты ақпараттық жүйеге көрінеу жалған ақпарат енгізген.

"Нәтижесінде мемлекеттік бюджетке 3 млрд 156 млн теңге көлемінде көлік құралдарын бастапқы тіркеу алымы түспеген. Аталған азаматқа қатысты сотпен күзетпен ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылды." ҚР Қаржылық мониторинг агенттігі

Сонымен қатар, ҚР ҚПК 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жариялауға жатпайтынын атап өтті.

ҚР Конституциясының 77-бабының 3-тармағының 1-тармақшасына және ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 19-бабының 1-бөлігіне сәйкес, қылмыстық құқық бұзушылық жасаудағы кінәсі соттың заңды күшіне енген үкімімен белгіленгенге дейін әркім кінәсіз деп есептеледі.

Бұған дейін, ХҚКО-ларға жүргізілген жемқорлыққа қарсы мониторинг нәтижесінде бюджетке 80 млрд теңгеден астам қаражат түскені хабарланған болатын.

Қазақстан
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: