Оның айтуынша, Азаматтық авиация комитеті ҚР ТСМ Туризм индустриясы комитетімен бірлесіп өткізген кеңеске "Туристік Қамқор" КҚ төрағасы, туристері Дубайда жүрген туроператорлар, сондай-ақ авиакомпания өкілдері қатысқан.
"Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, форс-мажор жағдайда туроператорлар жауапкершіліктен босатылатындығына қарамастан, әрбір туроператор өз туристерін орналастыру және тамақпен қамтамасыз ету бойынша шаралар қабылдады. Сонымен қатар, авиакомпаниялар да билеттерді толықтай кері қайтаруды немесе билеттерді қайта брондауды қамтамасыз етуде", делінген хабарламада.
Қазіргі уақытта, "Туристік Қамқор" корпоративтік қорының төрағасы Инна Рей атап өткендей, Дубайда 1500-ге жуық турист бар. Туроператорлар авиакомпаниялармен бірлесіп осы туристерді Қазақстанға қайтарудың түрлі жолдарын қарастырып жатыр.
"Қиын жағдай туындады. Біріккен Араб Әмірліктерінде табиғи апат бой көрсетті. Мұндай жағдай ертең де қайталануы әбден мүмкін. Сондай-ақ, суда болған ұшақтадың барлығы дерлік кейін қандай да бір техникалық бақылаудан өтуі керек болады, соны дұрыс түсініңіздер. Сондықтан барлығыңыз шыдамдылық танытып, бұл жағдайда кінәлілерді іздеп, сарсылудың дұрыс еместігін ұғынғандарыңыз жөн", – деді Инна Рей.
Ол қолданыстағы заңнамаға сәйкес, форс-мажорлық жағдай туындағанда барлығы белгілі бір міндеттемелерді орындаудан босататын норма бар екенін атап өтті.
"Қазір Дубайда болып жатқан жағдай да форс-мажор болып табылады, өйткені бұл табиғаттың салған лаңы. Дегенмен, абдырап, дүрбелеңге түспеулеріңіз керек. Барлығыңызды ұйымдастырып, сол жаққа жөнелткен туроператорлар Сіздерді далада қалдырмайды", - деп сөзін түйіндеді Инна Рей.
2024 жылдың 16 сәуірінде Біріккен Араб Әмірліктерінің барлық аймақтарына найзағай ойнап, нөсер жаңбыр жауды. Астана әуежайы кешіктірілген және тоқтатылған рейстерге қатысты хабар таратты.