Депутат Мақсат Толықбай 2 мамырдағы Мәжілістің жалпы отырысында Олжас Бектеновке жолдаған сауалында, топан судың әлегі енді келе жатқынын айтты.
Сурет: primeminister.kz
"Биылғы топан судың тосын сыйын білесіздер. Оны көз көрді. Қарғын судың беті қайтқанмен қауіп сейілген жоқ. Тіпті қауіптің көкесі әлі алда",- деді халық қалаулысы.
Депутат өз сөзінде дер кезінде тазалық шараларын қолданбаса елге тасқын сумен бірге топалаң келетінін жеткізді.
"Қарғын судан қорғау үшін мыңдаған қаптар мен пакеттерден бөгет тұрғыздық. Енді су кеткеннен кейін осы қаптарды түгін қалдырмай жинап алмасақ, ертең экологиялық апатқа тап боламыз. Оның үстіне сай саладан келген су қаншама күл-қоқыс, қалдық, аң-құс пен малдың өлекселерін ағызып әкетті. Осы жемтіктерді жедел залалсыздырмасақ, жаңағы мен айтып отырған топалаң түрлі дерт пен ауруды таратады".Мақсат Толықбай
Бұдан бөлек мәжілісмен елде өтіп жатқан "Таза Қазақстан" науқанын тілге тиек ете отырып, шара бойынша өз ұсынысын айтты.
"Елімізде бір реттік акциялар емес, ел үкіметі қоғамда тазалық сақтау мәдениетін қалыптастыруға арналған кешенді бағдарлама әзірлеп, іске асыруы керек. Оқу ағарту министрлігі мектеп оқушылары арасында "экологиялық сана" атты сынып сағаттарын өткізуді жолға қойғаны жөн деп есептеймін",- деді Мақсат Толықбай.
Оның бұл ұсынысын тағы бір мәжілісмен Дәулет Мұқаев қос қолдап қолдады.
Сурет: primeminister.kz
Мұқаевтың пікірінше, қоғамда әлі күнге азаматтар арасында қалдықтарды арнайы қоқыс тастайтын орындарға салу мәдениеті қалыптаспай отыр.
"Жалпы жұртты қоршаған ортаны тазалауға жаппай жұмылдыру керек. Күнделікті тазалықты өмір салтымызға енгізуіміз қажет. Мысалы, аптаның бір күнін, нақтылап айтсақ, әр бейсенбіні "таза бейсенбі" атты шынайы халықтық шараға айналдырсақ",- деп өз ұсынысын білдірді Дәулет Мұқаев.
Сонымен қоса, ол тазалық шарасына әлеуметтік желіде миллиондаған оқырманы бар танымал тұлғаларды, қоғам белсенділерін, ел тұрғындарын осы ортақ іске белсене атсалысуға шақырды.
Айта кетейік, 8 сәуірде елімізде "Таза Қазақстан" ауқымды экологиялық акциясы басталды. Ол бес аптаға созылады және олардың әрқайсысы белгілі бір тақырыпқа арналған.