Оның айтуынша, біз озық ұлт ретінде қоғамдық және жеке құндылықтар жүйесін жаңарту үшін күн сайын аянбай еңбек етуіміз керек, деп хабарлайды Ақорда.
"Елімізде "Таза Қазақстан" акциясын қолдаған шын мәніндегі халықтық қозғалыс өріс алды. Бұл кездейсоқ емес. Өкінішке қарай, табиғат аясындағы демалыс орындарында және елді мекендердің айналасында үйіліп жатқан қоқысты күн сайын көреміз. Бұл – жауапсыз адамдардың ісі. Қоғамдық орындарда қарапайым тазалық ережелері сақталмайды. Бұдан адамның тәрбиесіздігі ғана көрінбейді, сондай-ақ ол бүкіл еліміздің дамуын тежейді. Сондықтан да мен әрдайым осы мәселеге назар аударамын". Қасым-Жомарт Тоқаев
"Таза Қазақстан" ауқымды экологиялық акциясына жүздеген мың адам қатысып, ондаған мың тонна қоқыс жиналды. Мен оларға ризашалығымды білдіремін. Бұл акция тұрақты түрде жалғасады. Аулаларымыз бен көшелеріміздегі, саябақтар мен қорықтардағы, өзен-көлдердегі тазалық пен тәртіптің сақталуы барша азаматқа тікелей байланысты. Біз қоғам ретінде айналамыздағы тазалықтың қадірін біліп, басқа адамдардың еңбегін құрметтеуді үйренуіміз керек, - деп қадап айтты президент.
"Отандық медиа қоғамда жоғары экологиялық сана мен табиғатты аялау мәдениетін қалыптастыруға зор көмегін тигізе алады. Осы орайда азаматтарымыздың ел ішіндегі, сондай-ақ шетелдегі қоғамдық орындарда вандализммен көзге түсіп, тұрпайы мінез-құлық көрсетуі – назар аударатын мәселе. Тарихи-мәдени мұраларға зиян келтіру, ескерткіштерді қорлау сияқты келеңсіз әрекеттер тек заңмен ғана жазаланып қоймай, қоғам тарапынан да айыпталуға тиіс. Бұл орайда бұқаралық ақпарат құралдарының рөлі аса маңызды." Президент
Бұған дейін Тоқаев лудоманияға қарсы заңға қол қоюға дайын екенін мәлімдеген.