Бұл туралы Павлодар облысы бойынша бала құқықтары жөніндегі уәкіл Сәуле Шәкенова мәлім етті.
Ол ҚР Бала құқықтары жөніндегі уәкілі Динара Закиеваның тапсырмасы бойынша 13 жасқа толмастан ана атанған қыздың отбасы тұратын Галкино ауылына барған. Анасымен жеке әңгімеден отбасы Павлодар облысына бұрын Галкино ауылында қоныстанған туыстарының шақыруы бойынша келгені белгілі болды. Қазақстанда тағы үш бала дүниеге келген, қазіргі уақытта анасы 2022 жылы туған кіші баланың күтіміне байланысты демалыста.
"Анасы оқи да, жаза да алмайды. Құжаттарға атын жазу арқылы қол қояды. Отағасының 6 сыныптық білімі ғана бар, ешқандай мамандығы жоқ. Мектепте от жағушы болып маусымдық жұмысқа орналасқан. Қазіргі кезеңде жұмыс істемейді. Үлкен қызының болжамды жүктілігі туралы 2024 жылдың 3 сәуірінде мектеп мұғалімдерінен білген, сол күні заңды өкілдердің рұқсатымен жүктілік фактісін растайтын ультрадыбыстық зерттеу жүргізілді". Сәуле Шәкенова
Қыз дереу дәрігерлердің бақылауымен аудандық ауруханаға орналастырылып, ол жерде 2024 жылдың 19 шілдесіне дейін болған. Ауруханада мектеп басшылығы оқу жылының соңына дейін онлайн оқытуды ұйымдастырған. Ауруханада болған үш жарым ай ішінде жергілікті атқарушы орган мен мектеп педагогикалық құрамының жеке қаражаты есебінен киім, аяқ киім, гигиеналық заттар және тамақ өнімдерімен қамтамасыз етілген.
Оқушы салмағы 3360 грамм дені сау қыз баланы дүниеге әкелген.
"Қыздың әкесі де, анасы да жыныстық зорлық-зомбылық фактісі туралы білмеген немесе күдіктенбеген. Қазіргі уақытта олар күдіктінің отбасымен туыстық қатынастар тоқтатылғанын мәлімдеді. Мектеп әкімшілігі кәмелетке толмаған баланың жүктілігі, сондай-ақ оған қатысты жыныстық зорлық-зомбылық туралы уәкілетті және құқық қорғау органдарына дереу хабарлаған". Сәуле Шәкенова
Өңірлік уәкіл оқушы облыстық перинаталдық орталықтан шығарылғаннан кейін сәбиімен бірге одан әрі қайда орналастырылатыны туралы мәселе шешілетінін хабарлады.
Еске салайық, жәбірленушінің туысы күдікті деп танылды. Қамауға алынды. Қызды зорлау фактісі бойынша Қылмыстық кодекстің 120-бабы 4-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр. Іс сәуір айында тіркелген. Қазіргі уақытта сот-психиатриялық сараптама жүргізіліп жатыр. ҚІЖК-нің 201-бабы негізінде басқа да мәліметтер жария етуге жатпайды.
Оқи отырыңыз