Алматы хайуанаттар бағындағы пілдер немен қоректенеді

12 тамызда Дүниежүзілік пілдер күні аталып өтті. Бұл жануарлар планетадағы ең ірі құрлық сүтқоректілері және біздің заманымызға дейін жеткен тұмсықтылар тобының жалғыз өкілдері.

Африкалық және азиялық (Үнді) пілдер Халықаралық Қызыл кітапқа жойылуға жақын түрлер ретінде енгізілген. Дүниежүзілік жабайы табиғат қорының (WWF) мәліметтері бойынша, қазіргі уақытта табиғи ортада мекендейтін африкалық пілдердің популяциясы 415 мыңнан аспайды, ал азиялықтар – 50 мыңға жуық. Олардың санының азаюының негізгі себептері – тіршілік ету ортасының жоғалуы және браконьерлік.

Мереке құрметіне Алматы хайуанаттар бағындағы пілдердің жағдайын біліп қайттық.

"Біздің хайуанаттар бағында екі азиялық піл бар. Еркегі – Лао, ол 28 жаста, ал ұрғашысы – Ару 26 жаста. Яғни, оларды әлі жас жануарлар деп айтуға болады. Жалпы, пілдер 70 жасқа дейін өмір сүреді. Олар бізге 2000 жылы Лаостан әкелінді. Табиғатта еркектер ұрғашыларға қарағанда қауіпті деп саналады, бірақ бізде керісінше. Ару біршама асау, кейде ол өзіне назар аудару үшін немесе тамақ жегісі келгенде киперлерге тас лақтырады. Ал Лаоның мінезі жұмсақтау, тек күйлеген кезде ғана агрессивті болады. Ол кезд біз оларды әртүрлі қоршауларда ұстаймыз. Негізі, олар үйретілген. Келушілердің келіп, оларды тамақтандырғанын, суретке түскенді ұнатады", – дейді тұяқты жануарлар бөлімінің басшысы Балабек Мақатов.

Балабек Мақатов хайуанаттар бағында 18 жылдан бері жұмыс істейді. Мамандығы бойынша – ветеринар, оқудан кейін мал фермасында жұмыс істеген, кейін ферма жабылған кезде хайуанаттар бағына жұмысқа орналасты.

"Бастапқыда мен мал дәрігері, содан кейін зоотехник болып жұмыс істедім, қазір тұяқты жануарлар бөлімінің басшысымын. Оларға жирафтар, мүйізтұмсықтар, бегемоттар және пілдер жатады, олармен көп байланыста боламын, бұл жануарлар туралы көп білемін. Ал екі кипер Ерболат Жалбағаев пен Бек Беркінбеков пілдерге қамқорлық жасайды. Олар Мәскеу мен Харьков хайуанаттар бағына оқуға және тәжірибеден өтуге барып келген, енді үнемі пілдермен жұмыс жасайды. Пілдерге күтім жасаудағы ең қиын процедуралардың бірі – өсіп кеткенде олардың тұяқтарын кесу. Ол үшін бізде арнайы құрылғы бар, Лао мен Ару оған үйретілген. Аяқтарын қайда қою керектігін біледі және бұл процедурадан қорықпайды", – дейді Балабек Мақатов.

Күтімнен бөлек, тамақтандыру да киперлердің міндетіне кіреді. Жануарларға күніне бес-алты рет тамақ беріледі. Айтпақшы, пілдердің күнделікті рационында тағамдардың өте үлкен тізімі бар.

"Жоңышқа және түрлі шөптер береміз. Бір пілге күніне 30 келі кетеді. Сондай-ақ шамамен 60 келі көкөністер: сәбіз, картоп, қырыққабат, қызылша. Одан бөлек, жеміс-жидек, алма, банан жейді. Маусымында қауын, қарбыз, асқабақ береміз. Соымен қатар, арнайы аралас жем бар, оларға ұсақталған арпа мен кебек кіреді. Сондай-ақ күн сайын бес нан жейді: үш қара және екі ақ нан. Айына бір рет пілдер бір келі ашытқы жейді. Табиғатта тағамды жақсы сіңіру үшін пілдер арнайы өсімдіктер жейді. Осы мақсатта біз оларға нан, ашытқы және алкоголь береміз. Ай сайын әр піл бір литр шарап немесе арақ алады. Бұл асқазанда ашытуды қамтамасыз етеді және жақсы ас қорытуға ықпал етеді", – дейді тұяқтылар бөлімінің бастығы.

Ғалымдардың соңғы зерттеулеріне сәйкес, Жер бетінде ең жақсы иіс сезетіндер – пілдер. Олардың иіс сезу рецепторлары егеуқұйрықтардікінен де көп.

Алдағы уақытта бұл жануарларға арнап жаңа кешен салу жоспарлануда.

"Әзірге біз олардан ұрпақ ала алмаймыз. Алдағы уақытта "Африка саваннасы" кешенін саламыз, содан кейін бұл жұмысты іске асыру мүмкін болар. Қазіргі уақытта жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп, аяқталуға жақын. Сараптаманың оң қорытындысын алғаннан кейін құрылыс басталады. Кешен өте үлкен. Пілдерге, бегемоттарға, зебраларға, түйеқұстарға және басқа да ұсақ жануарларға – гиеналарға, сурикаттарға, мангустарға арналған қоршаулар болады. Онда 25 түрлі 100-ге жуық жануар болады деп болжануда. Қазір жануарлар тұратын ғимараттар өте ескірген. Осыған орай, хайуанаттар бағында қайта құру жұмыстары басталғанына өте қуаныштымыз", – дейді Даму және қоғаммен байланыс бөлімінің басшысы Ақжами Рахымова.
Қазақстан
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: