"Инфекция бөліміне 14 адам жеткізілді. 9 бала, 5 ересек адам. Жағдайы орташа, интоксикация және ішек синдромына байланысты пациенттер сынама алынды. Ауруханаға жатудан бас тартқандары динамикалық бақылдауда", - деді Балқаш көпсалалы ауруханасының директоры Серікбол Түсіпбеков.
КТК телеарнасының хабарлауынша, өзін жайсыз сезінгендердің кейбірі дәрігерге қаралмай үйіне қайтып кетсе, өзгесі пансионатта жатыр. Ал кейбір демалушылар ұзақ жолға шықпас үшін Балқаш қаласынан пәтер жалдап алған. Жүрегі айнып, лоқсып жатқан ересектер мен балалардың дене қызуы 39 градусқа дейін көтеріліп жатыр.
Демалушылардың нақты неден уланғаны әзірге белгісіз. Жаппай астан улану дерегі тіркелген демалыс орны Балқаш көлінің жағасындағы ең қымбат қонақүйлердің қатарында. Мұнда бір қонып шығу құны 45 мың мен 200 мың теңге аралығында. Оқыс жағдайдан кейін адам аяғы үзілмейтін демалыс орталығына барған облыстық СЭС мамандары қажетті сынамаларды алып, тексеріс бастады.
"Балқаш қаласы санэпидембақылау басқармасының мамандары тарапынан эпидемияға қарсы шаралар басталды. Оның ішінде ошаққа шығу ұйымдастырылды. Сонымен қатар науқастар арасында сауалнама жүргізілді. Қарағанды облысының санэпидембақылау департаменті қызметкерлері арасынан бригада құрылып, Балқаш қаласына іссапарға шығу жүзеге асырылды. Қазір зертханалық зерттеу жүргізіліп, тергеу шаралары басталды", - деді Қарағанды облысы санитария-эпидемияны бақылау департаментінің бас маманы Айгүл Шатекова.