Ал қарғын суды кәдеге асыруда түйіткелдер бар. Кешегі жолдауда Мемлекет басшысы су қорын сақтап, диқандардың қажетіне жарату, су үнемдеу технологиясын ұйымдастыру туралы нақты тапсырмалар берді, деп жазады qazaqstan.tv.
Биылғы алапат тасқын шығыны зор болғанымен, пайдасы мол болды. Отыз жылдан бері аңқасы кепкен өзендер алабы суға толды. Алайда қарғын су қырға жайылмай, су болған жерде шөп шықпай қалған аудандар бар. Ол үшін бөген-көлтабандар салуды көбейтіп, су арналарын тазалап, гидробекеттерді жөндеу қажет дейді еңбек ардагері.
"Су тасқынынан кейін біздің облыста үлкен мәселеге тап болдық. Себебі су келді-кетті, бірақ суды ұстай алмай қалдық. Осыған орай қанша бөгет салынуы керек, қанша қойма жөнделуі керек. Осыған үлкен мән беріліп, қаражатты бөлу мәселесі Жолдауда айтылды." Мынатаубиік Әнесов, еңбек ардагері
Аймақта 39 су қоймасы бар. Солардың 14-і — республика меншігінде, яғни "ҚазСуШар" кәсіпорнының иелігінде. Қалғандары жергілікті биліктің иелігінде. Қоймалардың дені 60-70-ші жылдары салынғандықтан, әбден тозған. Биыл Жайық-Көшім жүйесіндегі үш ірі су қоймасы — Бітік, Дөңгелек, Пятимарда мердігер анықталған соң, жөндеу басталады. Келер жылы тағы 7 магистральды канал жаңғыртылады. Жаңадан екі көлемді — Жалпақтал және Сексенбай су қоймалары салынады.
"Жайық-Көшім жүйесінің Киров суқоймасын қайта жаңғырту жүріп жатыр. Одан бөлек, Жайықтан су жүйесіне жеткізетін табиғи арнаны механикалық тазарту биыл басталды. Және Мұратсай-Жәнібек су құбырын қайта жаңғырту іске асырылып жатыр." Рауан Құсайынов, "ҚазСуШар" РМК облыстық филиалының директоры
Ал қарғын суды ұстап қалу үшін әкімдер білек сыбана кірісуі керек. Президент те алқалы жиында атқамінерлерге тасқыннан сабақ алып, су үнемдеу технологиясын жетілдіруді тапсырды. Өңірде 10 мың гектардан астам суармалы жер бар. Соның 9 мыңында су үнемдеу технологиясы қолданылған. Тамшылатып суару әдісін диқандар негізінен мал азығын дайындауға пайдаланады.
Жаңбырлатып, тамшылатып суару су үнемдеу технологиясына жатады. Олар 30 пайызға дейін суды үнемдейді. Суармалы жерлерге 80 пайызға дейін субсидия қарастырылған. Бүгінгі күнге 15 өтінішке 700 млн теңге қаражат төленді. Кеңес Қайдашев, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бөлім басшысы
Тасқыннан соң Шаған су қоймасы 100 пайызға, Жайық-Көшім жүйесі — 90%, Қараөзен мен Сарыөзен 70-80% суға толды. Аумағы 146 мың гектар көлтабан мен шабындыққа су барды. Қазір де Жайыққа су жоғарыдан жақсы келіп жатыр. Алып өзен 2027 жылға дейін созылатын көпжылдық су тасу кезеңіне көшті дейді мамандар.