Астанада Қызылорда облысының ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі өтіп жатыр

Астана қаласында Қызылорда облысының тауар өндірушілерінің қатысуымен ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі өтуде.

Жәрмеңкеде 70 жүккөлікке тиелген 80-ге жуық Сыр дихандары мен тауарөндірушілері құны 270 млн. теңгені құрайтын 600 тоннадан астам өнімдер елордалық тұрғындарға ұсынылуда.

Атап айтқанда, жәрмеңкеге 300 тоннадан астам күріш, 6 тонна ет өнімдері, 30 тоннадай балық өнімдері, 80 тоннадан астам көкөніс пен жеміс-жидектер, 180 тонна бақша өнімдері, 3 тонна ас тұзы, 15 тоннаға жуық сүт және кондитер өнімдері жеткізілді.

Сурет: Қызылорда облысы әкімдігінің баспасөз қызметі

Жәрмеңке аясында елордалықтарға ерекше көңіл-күй сыйлау үшін Сыр Елінің өнерпаздарының қатысуымен концерттік бағдарлама қойылады.

Аймақтың аграрлық саласында  бәсекеге қабілетті өнім өндіру арқылы азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесі жолға қойылған. Мемлекеттік қолдаудың арқасында аймақтың ауыл шаруашылығы саласы қарқынды дамып келеді.

Ағымдағы жылдың 8 айында ауыл шаруашылығында 58,5 млрд. теңгенің өнімі өндіріліп, өсім көрсеткіші 2,1%-ға артты.

Сурет: Қызылорда облысы әкімдігінің баспасөз қызметі

Жалпы биылғы жылы 190 мың гектарға жуық жерге ауыл шаруашылығы дақылдары орналастырылса, негізгі дақыл күрiштің көлемі 85,6 мың гектарды құрайды.

Анықтамалық: дәнді дақылдар – 96,8 мың гектарды, майлы дақылдар – 4,8 мың гектарды,  мал азықтық дақылдар – 70,2 мың гектарды, картоп, көкөніс, бақша – 17,6 мың гектар.

Егісті әртараптандыру бағытында 2,6 мың гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдары егілсе, су үнемдеу технологиясын қолдану арқылы 4,4 мың гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдары орналастырылды.

Сурет: Қызылорда облысы әкімдігінің баспасөз қызметі

Мемлекет тарапынан көрсетілген қолдаудың арқасында диханшы қауымға су қажетті деңгейде жеткізілді. Шаруашылық құрылымдары егілген ауыл шаруашылығы дақылдарына күтіп-баптау жұмыстарын агротехникалық талаптарға сай жүргізді.

Егін жинау жұмыстарына қажетті ауыл шаруашылығы техникалармен, жанар-жағармаймен, минералды тыңайтқыштармен толық қамтамасыз етілген.

Қазіргі таңда облыста егілген  егін жинау жұмыстары қарқынды жүргізілуде.

Бүгінде егілген 85,6 мың гектар күріштің 50,3 мың гектары орылып, 42,7 мың гектары бастырылды. Тиісінше, егілген әр гектардан орташа есеппен  52,1 центнерден өнім алынуда. 


Сурет: Қызылорда облысы әкімдігінің баспасөз қызметі

Мал шаруашылығын дамыту бойынша жүйелі жұмыстар жолға қойылып, нәтижесінде өткен жылмен салыстырғанда мүйізді ірі қара мал басы-36,6%-ға, қой мен ешкі -22,3%-ға, жылқы - 0,1%-ға, түйе-4,3%-ға, құс 7,7%-ға көбейді.

Сондай-ақ, өңірдің экспорттық әлеуеті де артып келеді. Қазіргі таңда Сыр елінің ауыл шаруашылығы өнімдері әлемнің 16 мемлекетіне экспортталуда.

Экспортталған өнімнің басым бөлігі күріш өнімі Ресей, Беларусь, Әзірбайжан, Тәжікстан, Украина, Моңғолия, Өзбекстан және Ирак мемлекеттеріне жөнелтілуде.

Сыр елінің өнімдері ұсынылатын жәрмеңке ертең де жалғасады

Қазақстан
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: