Рүстем Есімханұлы Қайдаров – Қазақстан Республикасы ішкі істер органдары тарихындағы ерекше тұлға. Оның өнегелі өміріне қарап, жастарға үлгі боларлық бағыт беретін жәдігерлер мен фотосуреттер бүгінде маңызды.
Аймен Жексенбайқызы кездесуде Рүстем Есімханұлының даңқты жолын, көздеген мақсаттары мен қоғамға қосқан үлесін кеңінен баяндады.
Сурет: Ұлытау облысының полиция департаменті
Аймен Жексенбайқызы Полиция басқармасының музейіне 1988 жылы Жезқазған қаласында өткен маңызды бір жиында түскен ерекше фотосуретті табыстады. Бұл тарихи сурет музейде сақталып, келушілердің назарына ұсынылатын болады.
"Рүстем Есімханұлының даңқты жолы – біз үшін үлгі. Қазақстан Респбуликасының Ішкі істер органдарында қарапайым қызметкерден бастап ішкі істер министрінің бірінші орынбасарына дейін көтеріліп, артына үлкен мектеп қалыптастырған, дарабоз тұлға, білікті басшы деп танимыз. Біз үшін осындай азаматтың Жезқазған ішкі істер органдарында да ерекше із қалдырғаны зор мақтаныш, мерейлі мәртебе",- деді Асхат Дүйсембеков.
Сурет: Ұлытау облысының полиция департаменті
Еске сала кетейік, Рүстем Есімханұлы 1996 жылы БҰҰ Комиссиясының 39-сессиясында есірткімен күрес мәселесі бойынша Қазақстан Республикасы Үкіметі делегациясының басшысы болды. Қазақстан Республикасы Президентінің "Қазақстан Республикасындағы біріккен ақпараттық кеңістік құру туралы" Жарлығы авторларының бірі.
Құқық тәртібі мен заңнамалық қамтамасыз ету мәселелері жөніндегі халықаралық және үкіметтік комиссия жұмыстарының белсенді мүшесі.
20-дан астам ғылыми мақалалардың авторы. 1999 жылдан "Қорғау" зейнетақы жинақтау қоры" акционерлік қоғамының президенті, "Генералдар кеңесі" қоғамдық бірлестігінің төрағасы, Ресей Жаратылыстану ғылыми академиясының корреспондент мүшесі, Халықаралық ақпараттану академиясының және Дүниежүзілік ақпараттық парламенттің академигі сынды мәртебелерімен қоғамда үлкен беделге ие болған тарихи тұлға.